Мас халде көлік басқарған ер азамат көлік басқару құқығынан айырылды
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейд жүргізу барысында, күндізгі сағат 11:00 шамасында жүрісі күдік тудырған «Ваз-2106» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты.
Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады. Автокөлік бірден айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлері мас халде автокөлік басқарған жүргізушіге қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, жинақталған іс құжаттарды Мақтаарал аудандық сотына жолдады. Бүгінде сот жүргізушіні кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға үкім етті.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі