Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Соңғы кездері елімізде, теріс ағымдардың кесірінен, "уақытша неке", белгілі бір мерзім өткен соң әйелді "талақ" етіп, тастап кету сынды деректер жиі кездесе бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Qazaqstan” ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Тіпті сол үшін ақша да төлеп, белгіленген уақытқа көңіл жарастыратындары да бар екен. Уақытша некеде 9 ай тұрған қарағандылық келіншек болашақ жарымен бас қосар алдында, ұстанған ақида бойынша, белгілі бір міндеттерді орындап, кейбір шарттарға мойынсұнуға мәжбүр болғанын айтады. Соның бірі намаз оқып, орамал таққан соң, ұзақ уақыт жалғыз жүрмей, 3-ші не 4-ші біреулермен некелесіп, жар болу деген жалған сенім.
“Нихаб кию, үйде отыру, тек қана оның достарымен аралсу, өз ата-анаң, бауырларыңмен араласпау, тек өз айналасындағы адамдармен сөйлесу. Мысалы, екінші әйел болдың ба, қалған достарының да екінші әйелдерімен араласасың. Ата-анаммен араласпай қалдым. Тыңдамадым. Қызыма көңіл бөлмей қалдым. Адамдардың бәрін кәпір санап, такфир шығардым. Қызым сол неке кезінде ауыратын. Реанимацияға түскеннің өзінде дәрігер шақырайын десем де, харам деп шақыртпай қойды”, – дейді келіншек.
Ол қазір өзі секілді аяғын шалыс басып, тура жолдан жаңылған жандар көп екенін айтады. Араларында дер кезінде көкірек көзі ашылып, жат ағымнан іргесін аулақ салып үлгергендері де бар. Алайда әлі де жалған сенімге арбалып жүргендер жетерлік дейді. Олармен жеке сөйлесіп, қолынан келгенше көмектесуге тырысып жүргенін жеткізді.
“Қолдан-қолға өтеді деген бар ғой қазір. Ол рас нәрсе. Ажырасты ма, талақ берді ме, әйелді досы алады. Менде де сондай жағдай болды. Талақ беріп тастап кеткен кезде "досыма тұрмысқа шығасың" деді. Мен қарсы болдым. Кейін 3 күн үйде ұстады”, – дейді ол.
“Бұл жерде әйел адамды зат сиякты пайдалану бар. Сондықтан, бұл нәрсе – мүлдем дұрыс емес. Бұл туралы пайғамбарымыз осы мутьаһ некесіне тыйым салды деген хадистер бар. Ажырасу дегеннің өзі шариғат құптайтын нәрсе емес. Хадисте "Алла Тағалланың ең жек көретін нәрсесі ол – талақ, ажырасу". Ал, бұған қай уақытта рұқсат беріледі? Ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында мүлдем тұра алмай кеткенде ғана рұқсат етіледі. Ал, әйел адамды алып, біраз уақыттан соң оны талақ қыла беру – шариғаттың мақсаттарына сай келетін нәрсе емес”, – дейді ҚМБД шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, исламтанушы Медет Құрмашұлы.