Ене тәрбиесі келінді адам қылды (Қысқа әңгіме)

Oinet.kz 01-10-2022 9745

Аула жақтан шіп-шіп-шіп еткен дауыстан Жазира оянып кетті. Терезеден әлі жарық түсе қоймаған, күздің таңы кештеу атады. Сонда да Жазира ауладағы дауысты мұқият тыңдап жатыр. 

Screenshot_6.jpg

Түскеніне енді ғана бір айдай болған келіні күн сайын осылай ерте тұрып аула мен көшеге су шашып сыпырады. Төртте тұрмай-ақ бесте тұрса да болар еді-ау, күнде кеш жатып ерте оянады, бұл да біреудің әлпештеп өсірген сүйікті қызы ғой... ойлады Жазира, бірақ онысын келініне айта алмайды.

Келін түсіріп жатырмын деген жаңалықты айтқан соң әріптестері, абысындары, көршілері бұған бар ақылдарын айтудан жалыққан емес.

- Сіздің мінезіңіз жұмсақ, келінді басыңызға шығарып алмаңыз. Сәл қаталдау болыңыз.

- Келінді " қызым" деп еркелетпеу керек, келін ешқашан қыз болмайды.

- Ертең келінге жаныңыз ашып үй тірлігіне араласып кетпеңіз, әбден үйреніп алған соң тірлікті сіздің мойныңызға оп-оңай арта салады.

- Келінді бастан ығыңызға жығып алыңыз. 

Осы сарынды кеңестерден соң Жазира ене болған соң өзгерді де қалды. Келін иіліп сәлем салса да естір-естімес " көп жаса" дейді де жақтырмаған кейіп танытады. Тамақтың тұзына әлде бір сылтау тауып, келіннен кемшілік тапқанына іштей риза болады.

Міне, қазір соларды ойлап, өзінің екіжүзді болып жүргеніне өкінгендей. Өйткені, абысын, көрші, әріптестері дайындап берген сценарийді орындап жүргені, кеше ғана келген келінге жылы қабақ танытпағаны жанына батып тұр. 

Ой-қиялы сонау өзінің жас келін болып жүрген кезге жетелей алып кетті.

Жазира да дәл осындай күздің салқыны кезінде келін болып түскен еді. Ата-енесі өте жақсы адамдар, көпбалалы отбасы болғандықтан үйде адам көп. Марқұм атасы бұған өле-өлгенше риза болып кетті. Енесі әлі бар, шүкір. Кіші ұлдың қоланда.

Бір күні кешкі тамақ үстінде балалардың бірі су, бірі дәретке барып келейік дегесін Жазира бәрінің өтінішін орындап, жүгіріп-желіп қызметтерін атқарады. Дастарқан басына келіп шәй қалмаған шәйнекті көтеріп, жаңадан шәй демдеп келген кезде ортаға қойылған табақтарда тамақ таусылған болатын. Бұндай жағдай бір емес одан кейін нешеме рет болған-тын. Өйткені үлкен отбасы, әсіресе кіші ұл бала көп отбасыда болатын жайттар. Бір түйір де астан ауыз тимеген Жазира дастарқанды жинап, ыдыстарды жуып-шайып, ертең мектепке баратын қайынсіңілілер және қайныларының формаларына үтік басу үшін бөлмесіне кіріп кетті. Үтікті қоспақ болған кезде бөлмеге кіріп келе жатқан аяқ дауысын естіп, есікке қарады. Енесі екен, жылы жүзбен күлімдеп тұр. Қолында тәрелкеге салынған екі дана шикілеу етіп қуырылған жұмыртқа және үш-төрт кесім нан.

- Балам, киімді сосын үтіктейсің, алдымен мынаны жеп ал, жарай ма?, - деп мұның маңдайынан ыстық алақанымен сипап, сүйді де бөлмеден шығып кетті...

Дәл осындай мейірімді енесінен әлі күнге дейін көріп келеді, ал осындай мейірім көрген Жазира дәл осы сәтте өзгелердің сөзіне еріп жүргеніне ұялды.

Орнынан жылдам тұрып, басына орамалын байлады. Бет-қолын жуып, асхана беттеді. Шәй қойды. Дастарханға таңғы асты өзі дайындады да аула сыпырып болған келіні бұл уақытта қойлардың жем-шөбін беріп келе жатыр екен. Енесін көріп, иіліп сәлемін салды.

Жазира келініне мейіріммен қарап " көп жаса" деді де жаңа келіннің маңдайынан дәл өзінің енесі сияқты алақанымен сипап, сүйіп қойды.

- Балам, жүр екеулеп алдымен шәй ішіп алайық, бүгін жексенбі басқалар сәл кештеу оянады. Сосын екеулеп самса пісірейік, иә?! Үлкен енеңе барамыз, сенің қолыңнан шыққан дәмді самсалардан апарамыз. Сол үлкен енең өте жақсы, алтын адам, батасын алсаң ешқашан кем болмайсың, жүре ғой асханаға, - деген Жазира баяғы  биязы, мейірімді қалпына енген еді. Бұдан өзі іштей риза болса, жаңа келін таңырқап тұр, алайда енесінен жылы сөз естіген бұл да " демек келіндік борышымды өтеуде жаңылыспай келе жатыр екенмін ғой, шүкір" деп қойды.

Гүлсара Расулқызы

Қазақстандықтар сайлауға Ресейдің бес қаласынан дауыс бере алады
Өгей әке бәрібір өгейлігін жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу