«Алғашқы күнді мешітте өткіздік»: Оралдағы лагерге орналасқан ресейліктер жағдайларын айтты

Oinet.kz 28-09-2022 1640

Ресми дерекке сәйкес, 21-25 қыркүйек күндері аралығында Батыс Қазақстан облысына 16 898 Ресей азаматы келген. Ресейліктердің үдере көшуінен Оралда жалға берілетін пәтерлер қалмаған. Алғашқы күндері қаладағы Cinema Park кинотеатры орыстарды екі күн өз ғимаратында паналатты. Сондай-ақ ресейліктерді "Атамекен" балалар лагерінің аймағына орналастыру туралы шешім қабылданғаны да белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Мой город басылымына сілтеме жасап.

Screenshot_14.jpg

Ғимарат 200 адамға есептелген, бірақ алғашқы түні-ақ 240 шетелдік қоныстанған. Олардың көпшілігі әскер жасындағы ер адамдар, араларында балалы әйелдер де бар. Күнкөріс құны күніне екі мың теңге. Бұл төлемге тамақ ақысы кірмейді.

37 жастағы Александр Воронеж қаласының тұрғыны. Ол Оралға Саратов арқылы өткен. Өзінің айтуынша, Қазақстанға алғаш рет келген және мұнда оның туыстары да достары да жоқ. Отанында ата-анасы мен барлық мүлкі қалған. Ер адам түнде балалар лагеріне қоныстанғандардың бірі.

"Әуелі Озинкиге жетіп, 12 шақырым кезекке тұрып, шекараға дейін жаяу жүріп келдік, сосын бекетте тұрғандармен келістік. Біз бұл үшін 15 мың рубль төледік. Оралға кіргеннен кейін еріктілер шақырған вокзал аумағына келдік. Олар бізді орналастырып, тамақтандырып, жатын орын тауып берді. Барлық керемет болды, бәріне алғыс айтқым келеді. Қазір пәтер жалдауға болатын жерді іздеп жүрміз, бірақ табуымыз қиын себебі Оралда барлық жер лық толы. Оралда қалуымыз екіталай, Ақтөбені немесе Астананы бетке аламыз. Бірақ бір байламға әлі келмедік, біз келісе алмай жатырмыз, бағалары біздің ойымызша тым жоғары", - дейді Александр.

Оның сөзінше, Украинада болып жатқан соғыс кезеңінде елде дағдарыс пайда болған, сонымен қатар ол ешқашан қолына қару ұстап көрмеген азаматтарды жаппай жұмылдыруды қате шешім деп санайды.

"Бізді ол жақта нағыз өлімнің қарсы алдына айдап салады, мен олай еткім келмейді", - деп түйіндеді азамат.

Дмитрий әйелі мен қызын Воронежде қалдырып кеткен, ер адам оларды кейінірек алып кетуді жоспарлап отыр.

"Бізге ешкім шабуыл жасаған жоқ, сол себепті отанды қорғау туралы сөз болуы ақылға сыймайды. Не болып жатқаны, не үшін баратынымыз (соғысқа) немесе кім үшін баратынымыз түсініксіз. Воронеж шекаралас қала, қазір ол жерде бомбадан қорғанатын орындар дайындалып жатыр. Әрине қауіп бар, туыстарымды міндетті түрде алып кетемін. Қазақстан ең жақын ел, мұнда жету оңай. Осы жерде қалуды көздейміз, тұру үшін рұқсат қағазын аламыз деп үміттенеміз. Мамандығым программист, басшылық Қазақстанда филиал ашуды жоспарлап отыр, жұмыссыз қалмаймын деп үміттенемін", - дейді Дмитрий.

Алексей алты жасар ұлымен Уфадан келіп, шекараны Елек арқылы кесіп өткен. Ресейдегі үйінде әйелі мен кенже ұлы қалған. Азамат Оралда уақытша тұрақтайды, ол Астанаға пойызға билет алып қойғанын айтып, кейін Германияға кетуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Жергілікті еріктілер бізге көмектесіп жатыр, бірақ шекарада еріктілерді қасымызға жолатпайтын такси жүргізушілері бар, өздері қызметтері үшін 24 000 теңге сұрады. Оралда алғашқы күнді мешітте өткіздік, пәтер жалдағымыз келді, бірақ олар күніне 10 мың рубльге дейін (85 мың теңге шамасында – ред.) сұрады. Мұның бәрі аздап қынжылтады, өйткені біз мерекеге келген жоқпыз, соғыстан қашып жатырмыз ғой. Біз украиндарды өлтіргіміз келмейді, өзіміздің де өлгіміз келмейді", - деп түсіндірді Алексей.

"Атамекен" балалар лагерінің әкімшілігі ресейліктердің келіп жатқанын, алайда бос орындардың жоқ екенін ашып айтты. Лагерьдің үш мезгіл қолайлы бағамен тамақ беретін асханасы бар. Кешенді түскі астың бағасы, мысалы үшін 1000 теңге.

"Біз келгендердің барлығын орналастыруға тырысып жатырмыз. Кейбір кеткен адамдардың орнына басқа адамдарды аламыз. Қолдарындағы бар құжаттармен тіркейміз. Мұнда оларды көші-қон полициясы бекітеді. Тұру ақысын теңгемен де, рубльмен де қабылдай береміз", - деді ғимараттың әкімдік өкілі Тілек Қуанышкереев.

Еріктілер ресейліктердің қоныстануына көмектеседі, мүмкіндігінше шекарада шетелдіктерді қарсы алып, Оралға дейін тегін апарады. 

"Азық-түліктерді әртүрлі компаниялар алып келеді, ал қарапайым адамдар тамақ әкеледі. Бір жігіт үшінші күні палау пісіріп, оны шекараға апарып, шетелдіктерге ыстық тамақ ұсынып жүр. Келгендердің басым көпшілігі ең бірінші ұйықтап, жылынғысы келеді. Көпшілігі уақытша келгендер, араларында тұрақтап қалғысы келетіндер де бар. Біз сәйкес баға бойынша баспана іздей отырып, пәтерлердің бағасын үнемі қадағалап отырамыз", - деп қосты ерікті Татьяна Келаскина.

Ал, "Оралдағы орыстарға көмек" Telegram-арнасындағы жазбаларға қарағанда, көрші мемлекеттің тұрғындары қалаға әлі де болса көптеп келіп жатыр. Шекарадан өткісі келетіндер тәулік бойы кезекте тұрады. БҚО аумағында алты бақылау-өткізу бекеті болса, облыс бірден Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетінін айта кетейік.

Үкіметке не жазып ек соншалықты?! - Зайытов Тоқаевқа Дат жолдады
Қазақстан азаматтығын 125 мыңға сатпақшы болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу