Орыс өте шыдамды халық - саясаткер
20-06-2022
Армысыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы,
Бір елдің басшысысыз беделі ірі.
Халықтың хәлі нашар, ызасы – от,
Мен сізден жасырайын неге мұны?
Қазақтың айтар болсам мән-жағдайын,
Санасын басып алған сары уайым.
Сөзімнің жететінін білгендіктен,
Жағынып, жалған мақтап,не қылайын?!
Халықты шенеуніктер қанап отыр,
Қаңғыған қорқаулардай талап отыр.
Жаңа басшы жаңа жолға бастай ма деп,
Үмітпен күллі жұртым қарап отыр.
Салғанмен астанадай шаңырақ бір,
Далада ауыл түгел қаңырап тұр.
Жаутаңдап бірде анда, бірде мында,
Не істейміз, не істейміз деп, жамырап тұр.
Үйренген азапқа да, мазаққа да,
Сабыры ұлтыңыздың ғажап дара!
Көпұлтты Қазақстан дегенменен
Ұлттардың ең сорлысы – Қазақ қана!
Бас құрбан, елім үшін, жүрек құрбан,
Жайым жоқ тақ-мансапқа тілек қылған.
Әуелі – Құдай, сосын – қалың Қазақ,
Басқандай қамқорым жоқ тіреп тұрған.
«Ел» дегендер экстремист саналуда,
Тергеусіз, тексерусіз қамалуда.
Полиция, комитет, прокурор, сот –
Соңынан тыным бермей шам алуда.
Қол ұшын бере алмайтын қиналғанда,
Билікке себеп тым көп иланбауға.
Білмеймін Ақордаға шеттерінен,
Қайырымсыз, қансыз ғана жиналған ба?
Сіздің жақ тек бұйыруды ұнатады,
Сол біздің еңсемізді құлатады.
Арыз айтқан ауылдың мұғалімін,
Неге қорлап, кешірім сұратады?
Ел тозбас, бастаушысы болса мықты,
Бабалар баққа жетер жол салыпты.
Айыбымыз бар болса, айтыңыздар –
Үкіметке не жазып ек соншалықты?!
Осыған дейін талай амалдадық,
Тыныштық бұзылар деп алаңдадық.
Өзгеріс боларына сендіретін,
Әділетті сайлау да таба алмадық.
"Қашанғы осылардан бұғамыз?"- деп,
"Қашанғы ызамызды тығамыз?"- деп,
Қураған шөп секілді халық отыр –
"Бір күні алаңдарға шығамыз!"- деп.
Әзір тыныш, болған соң үміт әлі,
Ол сөнсе, халық бәрін ұмытады.
Шырпы тиіп, тұтанса қураған шөп,
Айтыңызшы ол өрттен кім ұтады?
Жан емеспін жақсыны алалайтын,
Жайлар көп жүрегімді жаралайтын.
Айтыңызшы, ынжық билік кімге керек,
Көк туды да қорғауға жарамайтын?!
Жә, жас ақын басыңызды қатырмасын,
Артық сөйлеу қашанда ақынға сын.
Сұрағымыз келгені үш ақ нәрсе:
Бір тілділік, Жеріміз сатылмасын.
Үшіншісі – келімсектер келіп алып,
Қазақты құл қып, тізе батырмасын!
Бар еді Хан құрметтеу салтымызда,
Қанықпын сыртыңыздан даңқыңызға.
Шынымен Қазақ үшін қорған болсаң,
Орман боп, Қазақ тұрар артыңызда!
Ал аға, елдің сөзі осы боп тұр,
Не деп жауап берейін халқыңызға?
Ринат Зайытов