Саябақтағы мүліктерді сындырған үш жасөспірімнің әрекеті бейнекамераға түскен
Түркістан қалалық Полиция басқармасына "Жасыл Түркістан" мекемесінің қызметкерінен, белгісіз біреулер саябақтағы 1 дана қоқыс жәшігі мен 3 орындықты сындырып кеткені жайлы шағым келіп түсті. Ақпарат алысымен полицейлер шұғыл әрекет етті. Бірінші кезекте кінәлілерді анықтау үшін учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шаралары атқарылды. Жан-жақты сұрастырылып, бейнебақылау камералары жіті тексерілді. Соның нәтижесінде саябақта теріс әрекет жасағандардың әрекеті жазылған бейнежазба анықталды. Осылайша жас жігіттер тұрғылықты мекенжайларынан анықталды. Олар бір-бірімен көрші тұратын, жасөспірімдер болып шықты.
Анықталғандай, құқық бұзушы үш жасөспірім таңғы 04:55 шамасында қыдырып жүріп, қызық үшін өрескел әрекетке барған. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабымен «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әрбіріміз қаламыздың тазалығына, әдемілігіне жанашырлық танытып, аулалар алдындағы демалатын орындықтар, көшелерге қойылған қоқыс жәшіктерін сындыруға жол бермеуіміз керек. Сіздің ойланбай жасаған теріс әрекетіңіз үшін қылмыстық жауапкершілік барын естен шығармаңыз. Сондай-ақ темекі тұқылын, пісте қалдықтарын бейберекет шашпау қажет. Көше тазалығына жауапты азаматтардың да жұмысын бағалаңыз!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі