Құдай-ау, қайда сол шалдар?!

Oinet.kz 20-07-2022 1353

Әр ауылда осындай бір шал болды. Қимылы ширақ. Мінезі шатақ. Түйені шөгермей мінеді. Теріс түкіреді. Кері сөйлейді. Бүкіл жұртты бір шыбықпен айдайды. Амандассаң, бәлеге қаласың. Сөз саптауыңнан немесе іс-әрекетіңнен ілік іздеп, кекетіп-мұқатып, біраз жерге апарып салады.

Screenshot_1.jpg

Амандаспасаң, төніп тұрған қара аспанды төбеңе тастап жібереді. Оның алдында ауылыңның басшысы да, сол басшының қосшысы да інгендей қайқаңдайды. Ал енді саған тілдеп-тиісіп, боқтап-балағаттағаны бар ғой, о, ол дегенің - өзгеше өнер... Көркемдік кестесінде мін жоқ, тұрпайылығынан гөрі тереңдігі басым түрлі-түрлі тіркестер әлгі шалдың аузынан түйдектеліп түсіп жатады. Аяқ астынан сөз борасынына тап болып, миың айналып тұрғаныңмен шаруаң шамалы, қыңыр қарттың қырсық мінезінен адам айтқысыз ләззат алып, еріксіз езу тартасың. Шалдуар шалдың сөз сойылына арқаңды өзің барып тосасың сосын... Сені біраз жақсылап жасқап алған соң, ол да маңдайы жіпсіп, көзі күлімдеп, өз сөзінен өзі рахат тауып, аса бір көңілді күйге енеді. 

Ілгеріде майталман фототілші Болат Омарәлиев қырсықтығы алты атанға жүк болатын сондай бір қыңыр қарияны суретке тартыпты. Қалай ғана жүрегі дауалаған десеңізші. Біреуге тиісер алдында бір сәт дамылдап, бейқам отырған беймаза ақсақалды Болат ағам есіктің тасасында тығылып тұрып басып салған сияқты. Шатақ шалдың шарт сынуына шамасын келтірмей, шырт еткізген де тастаған. Тағы да кадр емес, көркем көрініс... Тағы да сурет емес, шынайы шығарма...

Құдай-ау, қайда сол шалдар,

Қасиет-ғұрпы мол шалдар?..

Бауыржан Омарұлының Facebook парақшасынан

БҰҰ әлемді жаппай ашаршылық күтіп тұрғанын болжады
Бейбіт күннің батырлары түркістандық жастармен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу