Түркістан облысының полицейлері ескертеді: Қаржы пирамидаларының құрығына ілікпеңіз!
Түркістан облысы аумағында 2022 жылы Қазақстан Республикасы ҚК-нің 217-бабы «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» жайты бойынша ешбір дерек тіркелмеген. Дегенмен облыс тұрғындарының «қаржы пирамидасының» құрбаны болуының алдын алу – Түркістан облысы ПД қызметкерлеріне артылған міндет. Осы тұста Сіздер үшін пайдалы ақпараттар ұсынсақ;
Қаржы пирамидаларын жасаушылар өздерінің алаяқтық схемаларын әртүрлі тәсілдермен жасыруға тырысады. Олар желілік маркетингпен, бағалы қағаздармен, зергерлік бұйымдармен, криптовалюталармен, туристік жолдамалармен және басқа да тауарлармен немесе қызметтермен сауда жасайтындығына және оның бәрі заңды түрде екендігіне сендіруге тырысады.
Алайда, бұл ұйымдардың жалғыз мақсаты – табысы жоғары жобаға сенетін аңғал азаматтардан ақша тарту екенін түсіну керек, бұл айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Кез келген қаржы пирамидасының басты ерекшелігі – өте жоғары табыс әкелетініне сендіріп, салынған ақшаны жылдам қайтаруға уәде береді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әр жаңа қатысушы үшін түрлі бонустар, жеңілдіктер немесе тіпті тікелей төлемдер ұсына алады. «Егер сіз тағы екі салымшыны алып келсеңіз, сіздің кірісіңіз 20% емес, айына 30% болады», – деп құрғақ сөзбен ауыз жыртады.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенді және ығыр қылатын жарнама да алаяқтық жобалардың ерекшелігі болып табылады. Ұйымға кіру немесе операцияларды жүзеге асыру үшін сіздің атыңыздан белгілі бір кіру жарнасын сұрауы немесе тіпті мерзімді негізде ақша салуды талап етуі мүмкін. Осы жағдайда бұндай ұйымдардың заңдылығына назар аудару қажет.
Қатысушылардың белгілі бір саны мен үлкен сома жиналған кезде ұйымдастырушы қатысушылардың барлық ақшасымен бірге жоқ болып кетеді. Ең соңында келгендер сыйақысыз және қаражатсыз қалады. Сондай-ақ оларда қандай да жолмен бір қорғану мүмкіндігі де болмайды, өйткені Қазақстандағы қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз, яғни пирамиданы ұйымдастырушылармен қол қойылған барлық құжаттардың заңды күші жоқ.
Қаржы пирамидасын қалай танимыз?
1) Нарықтағы деңгейден бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді.
2) Ұйымға тартқан әрбір клиент үшін сыйақы уәде етеді.
3) Компанияға мүше болу үшін міндетті түрде жарна талап етіледі.
4) Қаржы пирамидасының өз қаражаты, қымбат активтері болмайды.
5) Әлеуметтік желілерге агрессивті жарнама науқанын жүргізеді.
6) Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып қалады.
7) Жеке кездесуде ғана консультация береді.
8) Келісім шартқа ойланбай қол қоюға үндейді.
9) Компания корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақырады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі