Полицейлер жайылымдық жерден жылқы ұрлаған күдіктіні қамауға алды
Сарығаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта өз үйінің маңындағы жайылымдық жерден жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 700 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеуге алды.
Хабарламаны естіген бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырып, жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті жергілікті тұрғын екені белгілі болды.
Анықталғандай күдікті ер адам түнде жылқыны ұрлап, оны Шымкент қаласына апарып сатқан. Ұрлаған жылқыны сатып, ақшасын қажеттілік үшін жаратып жіберген. Полицейлер сезіктінің бұдан өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жайылымдық жерге малдарды бақташысыз жібермеуге кеңес береді. Сондай-ақ үш жақты келісімшарт жасау керектігін еске салады. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі