«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Бұл оқиға 1984-жылғы көктемнің сызы қайтып, жаздың жайма шуақ жылы күндері таяп қалған шақта болды. Мен бір топ достарыммен бірге қала сыртындағы өзен жағасына көкке шықтық. Жалпы саны он адамнан асатын топ ішінде үш қыз бар. Өзен жағасына жеткен бойда қыздар жағы тамақ әзірлеуге кіріссе, 4-5 жігіт доп қуалады, Жанат болса балық аулау қамымен жүрді. Ал мен болсам тоғайдан шашлык пісіруге қажетті ағаш-шырпы іздеп кеттім.
Күні бойы табиғат аясында серуендеп, қарынды тойдырып, балалық шақтағы оқиғаларды еске алып, жақсы демалып отырдық. Ал күн батып, айналаны қара түнек басқан шақта кімнің бастағанын білмеймін достарымның әңгімесі түрлі қорқынышты әңгімелер мен аңыздарға ауып кетіпті. Қаланың у-шуынан әбден мезі болған біз оның үстіне бір бірімізді сағынып қалғанымыз бар, түннің бір уағына дейін ортаға отты жағып қойып отыра беріппіз.
Бір қарасам достарымның бірнешеуі отырған жерлерінде ұйықтап қалса, ұйқы қысқан Марат болса көлік ішінде ұйықтайтынын айтып орнынан тұрып кетті. Майра, Рүстем және мен әңгіменің қызығына кіріп кеткеніміз соншалық кезек пе кезек әңгіме атып, арасында ыстық шайдан ішіп қойып отыра беріппіз.
Таң бозарып атқан шақта әңгімеміз таусылып қалғандықтан ба, жоқ әлде қалың ойға батқан болуымыз керек үшеуміз бірнеше минут үнсіз отырып қалдық. Бір уақытта өзен үстімен қарауытып, бір нәрсе біз отырған жаққа қарай аса жоғары жылдамдықпен жақындап келе жатқанын көре сала, маған қарама қарсы отырған Рүстемге қарасам ол тоғай жаққа, ал менімен қатарлас отырған Майра әлгі сағымға ұқсас нәрсеге көзі шарасынан шығып кетердей тесіле қарап отырғанын көрдім. Арада 2-3 секунд өткенде Майра «сен де көріп тұрмысың» дегендей маған жалт қарамасы бар ма.
Сол кезде мен Майра шошып қалмасын деген оймен ол нәрсе маған да көрінгенін аңғартқаным сол-ақ екен, әлгі сағым жақындай келе анық көрінді. Үлкендігі кәдүілгі атқа ұқсас, сүліктей қара арғымық ышқына шауып келіп, біздің төбемізден өте жақын қашықтықта шауып өтіп, тоғайға сүңгіп кеткендей болды. Және бұл көріністің кенеттен пайда болып, жоқ болып кетуіне бар болғаны 5-6 секунд уақыт қажет болды. Рүстем бұл сағымды көрмесе де, бөлек дыбыстың естілгенін сезгендей біз жаққа жалт қарады да:
- «Бұл не? Бізге жақын жерден аттар шауып өтті, сендер сездіңдер ме?» деді.
Майрада үн жоқ, ол отырған жерінде тастай қатып қалғандай, көзі тоғай жаққа қарап қадалып қалыпты. Сонда мен еш кідірместен: «Иа, иа маған да көрінді. Дыбысты да естідім» дедім. Сосын орнымнан тұрып барып, Майра мен Рүстемнің ортасына тізерлей отыра кеттім де, бұл жайында ешкімге тіс жармауға, ол туралы қалаға барғанда ғана айтамыз деп уағдаластық.
Арада айлар өтіп, жылдар жылжыса да біз көрген нәрсенің не екенін біле де алмадық. Шынын айтқанда оны білуге де тырысқан жоқпыз. Себебі, ол жағалауға бірдің құрдастарымыздың ешқайсысы бармайтын болған.
Алмас Жұмахан,
Алматы облысы, Қарабұлақ ауылы