Қымбат өндіріс пен төмен жалақы. Қазақ телевизиясының болашағы бар ма?

Oinet.kz 26-04-2022 1162

"Хабар" агенттігінің төңірегінен шыққан әңгіме телевизияда жылдар бойы жиналып келе жатқан рентабельділік пен тиімділік проблемасын тағы қылтитты және осы мәселені жабулы қазан күйінде қалдырсақ бұдан кейін үлкен проблемаларға тап болатындығымызды айқын көрсетіп отыр.

Screenshot_9.jpg

Егер мемлекет телевизиядан толық кетіп қалса, телевизия өмір сүре ала ма? Бұл өте қиын сұрақ. Тіпті жеке деп саналатын телеарналардың көбісі орталықтан берілетін мемлекеттік тендер қармағында отыр немесе жергілікті әкімдіктерден тапсырыс алады. Жалпы мәселеге Хабар арнасының призмасы арқылы қарап көрсек. 

Хабардың 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі осы мамыр айында шығуы керек. Оған дейін біздің қолымызда 2020 жылдың есебі бар. 

2020 жылды Хабар сәл де болса таза кіріспен аяқтады. Ол 140,9 миллион теңге болды. Арнаның жылдық выручкасы 17,4 млрд теңгені құраған. Бірақ Хабарда телеөндіріс қымбат, сондықтан барлық қызметіне 16,1 млрд теңге жұмсалды. 

Хабардың ең көп шығыны неде? 

Ол – телесигнал тарату. Оған арна жылына 3,5 млрд теңге жұмсайды. Ал жалақыға 3,2 млрд теңге кетеді. Осы тұста, өткенде көтерілген жалақының аздығы туралы айтсақ. Қаржылық есепте «Хабардың» нақты штаттық құрамы көрсетілмеген. Бірақ, оның алдында тілшілер айтып жүрген орташа айлық 200 мың теңге деген ақпаратқа сүйенсек, онда агенттікте орта есеппен 1300 қызметкер жұмыс істейді деген пайымдауға келуге болады. Шынымен де, 1300 адамға 3,2 миллиард теңгені құрайтын жылдық еңбекақы қоры өте аз. 

Менің есебімше, мемлекет көмегінсіз Хабар бар-жоғы 3 ай ғана өмір сүре алады. Оның себебі мынада. 17,4 миллиард теңге ортақ выручканың 15,2 миллиард теңгесі мемлекеттік тапсырыс ретінде келген. Ал таза коммерциалық еңбек, яғни жарнама, демеушілік, роликтер/фильмдер түсіруден Хабар 2020 жылы небәрі 1,3 миллиард теңге табыс тапқан.

Тағы да айлық туралы. Ортақ жылдық еңбекақы қоры болатын 3,2 млрд теңгенің 409,6 млн теңгесі әкімшілік басқару персоналына жұмсалған. Оның ішінде 4 адамнан тұратын Басқарма, яғни 4 басшыға 56,6 млн теңге немесе ай сайын әрқайсысына 1,17 млн теңгеден төленген. Бұдан біз, Хабардың қарапайым жұмысшысы мен басшысы табысы арасындағы алшақтық 5 есе екенін байқаймыз. Онымен бірге, 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда барлық қалған қызметкерлердің жалақысы 1%-ға өссе, әкімшілік персоналдың жалақысы 5%-ға өскен. 

Мұндай жағдайда мәселені қалай шешуге болады? 

«Хабардың» қарапайым қызметкерлерінің жалақыны көтеру туралы талабын ескере отырып, қаржылық стратегияны қалай тиімді құруға болады? Ең алдымен, мемлекетке қымбат телевизиялық сигналды субсидиялау (кем дегенде 50%) бойынша ұсыныспен шығуға болады. Сонымен бірге, жарнама бөліміне жылына кемінде 3 миллиард теңге коммерциялық кірісті қамтамасыз ету туралы нақты KPI бекітуге болады.

Және ең қиыны – 1300 болатын адам санын процесстерді автоматтандыру арқылы, әсіресе шығармашылық бөлім емес, әкімшілік бөлімін қысқарта отырып, 800-ге дейін қысқарту. Сонда 520 мың теңге орташа жалақыға қол жеткізуге болады. 

Бірақ бәрібір Хабар толығымен мемлекетке тәуелді болып қала беретінін түсіну керек. Мемлекет қаржыландыруы тоқтап қалған күні Хабардың да уақыты аяқталады. Себебі, қазіргі заманда ешбір инвестор телевизияға инвестияция салуға дайын емес.

Айбар Олжаевтың Facebook парақшасынан

Университеттің 30 жылдығына – 30 жоба
«Өзімді өлтірейін бе?» - Мейіржанның әйелі өзіне қол жұмсамақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу