«Ғаламтордағы махаббат» оқырманға жол тартты

Oinet.kz 30-03-2022 1100

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының облыстық филиалдары және облыстық мәдениет басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен жазушы-журналист Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Screenshot_5.jpg

Зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауым, студент жастар қатысқан  әдеби кеш аясында Amanat партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Ахымбетов, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан, жазушы-ғалым Қ.Ергөбек, "Айқын" газетінің тілшісі Т.Бейсен, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Сердәлі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Д.Қуат, ақын Ә.Шегебай, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Сей­дазым, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Б.Шойбеков, "Түркістан" газетінің бас редакторы М.Дәулетов сынды азаматтар жүрек­жарды сөздерін арнап, сый-сыяпаттарын көрсетті. Жазушының шығармаларын студенттер мәнерлеп оқып, өнерпаздар әннен шашу шашты. Кеш соңында жаңа туынды әдебиетсүйер қауымға үлестіріліп берілді.

Оқырманға жол тартқан туындының тұсаукесер рәсімі Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада да өткізілді. Жиында «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлы:

«Сәкеннің «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабын алдын ала алдырып, әр сөзіне назар аударып оқыдым. Бұл кітап қазақ ұлтына қызмет ететін кітап деп ойладым. Асыра айтылған ештеңесі жоқ. Қоғамға сын айтылса, демек ол – қазақты жөндеудің, қазаққа тура жолды нұсқап, кемшілігін түзеудің әрекеті. Сәкенде халық ауыз әдебиетінің шұрайлы тілі бар. Жазуында журналистік, публицистік сарын да байқалады. Бірақ бұл оның кемшілігі емес, керісінше, оны толықтырып, көркемдігін жетілдіріп тұр», деді. 

Сондай-ақ ол кітап авторына кейбір сөз тіркестерінің қолданылуына байланысты ескертуі мен ағалық ақыл-кеңесін де айтып өтті. Өзге де қаламгерлер Сәкен Сыбанбайдың журналистік қызметі мен жазушылық қарым-қабілеті, шығармашылық ізденісі жайлы жылы лебіздерін білдірді. Жазушының «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабына «Мұңлық», «Бақытты адам», «Үміт үйі», «Дискриминация», «Сен қандай тәтті едің, өмір!» және «Бір шәугім шай» сынды көркемдік деңгейі жоғары, тағлымды туындылары енген.

Жұлдыз Әбдікәрімова абысынын «түсі суық» деп сынайтындарға жауап берді
Шымкент қаласының энергия кәсіпорындары бойынша жедел ақпарат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу