Төрттаған
Халық тілеуқор ғой, таудан қар барысы түсіпті деп қаңтардан бері бірнеше рет айтты. Кие тұтқаны, қастерлегені. Енді ел еңсесі көтеріледі, қасиет қонады, айбатымыз артады дегені. Киелі, текті аңның тегеурініне сүйінгені. Толғақты кезеңнің түйіні тарқатылар деп топшылағаны. Соның жерге түсуінен елге ырыс келеді деп түйсінгені.
Арғы бабалардың аң стилі атанған айшығы мен өрнегінен де, алтын киімді сақ жауынгерінің өне бойынан да, темір дәуіріндегі ескерткіштерден де барыс бейнесін көреміз. Барыс айбаттылық пен қайраттың, тектілік пен мықтылықтың, өжеттік пен өміршеңдіктің, елдік пен ерліктің, тыныштық пен жайлылықтың символы болғанын байқаймыз. Осыдан екі мүшел бұрын, 1986 жылдың желтоқсанында отаршыл жүйенің озбырлығына қарсы атылған жастардың отты көзінен де осы барыстың рухын көрген жоқ па едік?!. Сол жыл да Барыс жылы болатын. «Барыс жылы – намыс жылы» деген сөз де содан бері артықша мән алған. Өзгерісті талап еткен өрімдей өскелең жастардың өжеттігін де барысқа балағанбыз.
Бізден ілгеріде өткендер Барыс жылын бірлік жылы деген екен. Бірлік, Абайға сүйенгенде, ақылға бірлік. Ар мен намыстағы бірлік, адамдық пен адалдықтағы бірлік, сенім мен сертке бірлік, мақсат пен мұраттағы бірлік, мүддеге бірлік. Бір байрақтың астындағы біртұтас байтақ елдің бірлігі. Ұлан-ғайыр қазақ даласы Ұлыстың ұлы күнін қарсы алғанда біз осы бірлікті көрдік.
Қаңтар қасіретінен қамкөңіл болған елдің қайта серпілгенін сезіндік. Күн мен түн теңелер қастерлі мезеттің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматын ұсынды.
Ұлыстың ұлы күнінің мәнін арттырып, мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Әдетте жыл соңында берілер марапаттардың жыл басында берілуі де Наурыз мерекесінің нақышына нақыш қосты. Алаш баласының ардақты құндылықтарының ақ бесігі – Алматы шаһарына арнайы барды. Алакөңіл болған алматылық қауымның ортасына барып, ордалы жиын өткізді. Ел құшағында емін-еркін, қатарласып, қапталдасып жүрді, етене араласты, елдіктің, бірліктің сөзін айтты. Қорғанған жоқ, қолдасты, бөлектенген жоқ, біріге түсті. Осы арқылы Мемлекет басшысы өзінің шынайы халықтық Президент екенін көрсетті.
«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты 16 наурызда жасаған Жолдауында да елді үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын меңзеген еді. Сол өзгерістердің рухын сезіне бастадық. «Ассалаумағалейкүм» деп басталған Алматыдағы сөзді тыңдаған сәтте елдің де, ел басшысының да нар емес, ар ғана көтеретін үш жылды артқа тастап, алдағы Жаңа Қазақстанға жан-тәнімен ұмтылып тұрғанын аңғармау мүмкін емес еді.
Сол сәттен үш жыл бұрын, 2019 жылдың 20 наурызы күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті міндетін атқарушы болып тағайындалған еді. Ойлы да сойлы, қиындығы мен қауіп-қатері, азабы мен мехнаты қатар келген осы үш жыл ел жадында ерекше қалары белгілі. Осы уақыт елге де, ел басшысына да жеңіл тиген жоқ. Қиын күндердің қамытын шешіп, күрделі кезеңнің күрмеуін тарқатып, ел қалаған ерен күндерге деген ұмтылыс – ұлттың мұраты. Абдыратқан Арыстағы жарылыс, қордаланған Қордай мәселесі, торықтырған Тараздағы жарылыс, үш жылға созылған пандемия, қасіретті Қаңтар оқиғасы бәрімізді әрі-сәрі күйге түсіріп, әбден титықтатқан, өзекке от салған жай еді.
Осының ішінде ең қауіптісі – Қаңтар қасіреті болды. Әуелі бейбіт басталған шеруде ел талабын айтты, ер мұратын айтты. Әлеуметтің арзуы ескерілді. Ал одан кейінгі астаң-кестеңнің астарында әскери төңкеріс болғанын ашық айтуымыз керек. Ол жағдай ешқашан да ел толқуының тасасында, көптің көтерілісінің көлеңкесінде қала алмайды.
Қара күшке сенген сыбайлас топтың билікті күшпен басып алуға деген талпынысын әуелде тап басып тани алмағанымыз рас. Тіпті әлі де осы оқиғаның ақ-қарасын ажыратып, оның зардабы мен залалын толық сезініп үлгерген жоқпыз. Оның қандай қорқынышты құбылыс екенін уақыт өте келе білерміз. Шындықтың беті ашылғанда күйзелерміз, күйерміз, түршігерміз. Әскери төңкеріс жасауға ұмтылғандар Президентке көпе-көрнеу жалған ақпараттар берді. Шындығы қайсы, шылғи өтірігі қайсы екені белгісіз осы шым-шытырық ақпараттар ағыны бізді де шырғалаңға салды. Ал оның теріс пиғылын танып, табанды қарсы тұрған Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік пен тұтастықты сақтап қалды.
Құдай бетін әрі қылсын, егер әскери төңкерісшілердің түпкі ойы жүзеге асқанда не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ ойлау керек, ойлану керек.
Ең әуелі белгілі бір топтарға ұнамаған реформалар топтамасы тоқтар еді, мемлекеттің дамуы тежеліп, артқа шегінер еді, әлемдік қауымдастық төңкеріліп жатқан жұрттың ауылын алысқа қондырар еді. Халықаралық беделден айырылған мемлекетіміз арық бойлаған қағаз қайықтай қаңғалақтар еді. Ең сұмдығы, төңкеріс – елдің тағдырын талқы мен тәлкекке салып, созылмалы дертке ұласар еді. Оның мысалын алыс-жақын мемлекеттерден де анық көріп отырмыз.
Зорлық-зомбылық арқылы билікке келген төңкеріс ешбір елді ұшпаққа шығарған емес. Ұйығына тартып, ұйқы-тұйқы күйге түсіреді. Демократияға деген барлық талпыныс басып-жанышталып, дүлей диктатура билік құрар еді. Оның сыртында ел бүлініп, тозған бөздей сетінер едік. Бетін аулақ қылсын. Құдайшылығын айтқанда, біз осындай бір сұмдықтан, алапат зауалдан аман қалдық.
Өткенге саламат. Өшкенімізді жағармыз, өртелгенімізді жаңартармыз, өлгеніміздің өмірін ел мұратының жолында жалғастырармыз. Осы қиындық пен қауіп-қатерге толы үш жылда, әсіресе Қаңтар қасіретіне дейін және кейін біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық болмысының жаңа қырлары ашылғанын көрдік. Бұл сипаттар бір ғана адамның бойында емес, тұтас халықтың, әсіресе біз үкілеп үміт күтіп отырған жастардың бойында болуы керек. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда осы төрттаған – төрт қасиетті, төрт тіректі алуымыз қажет-ақ.
Санамаласақ, біріншісі, тазалық. Ары да, қолы да таза адамның жолы да таза болады. Билікке таза қалпында келген Тоқаев сенімге серт беріп, сол тазалығын сақтап отыр. Оған бір ғана мысал, наурыздағы Жолдауында айтылған Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы басшылық қызмет атқаруға заң жүзінде тиым салу туралы бастамасы.
Екіншісі, туралық. Атамыз қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Әділдік, әділеттілік принциптеріне негізделген құқықтық мемлекет құру – Президенттің басты ұстанымы болғанын білеміз. Біз мұның көрінісін оның мериократиялық принциптерінен, жемқорлыққа қарсы күресінен, экономикалық реформаларынан, саяси трансформациясынан көріп отырмыз.
Үшіншісі, тереңдік. Өзін өзі қазған адам ғана жүрегінің түкпіріндегі жауһарды таба алады. Ал өзіңді қазу үшін білім керек. Президенттің бірнеше тілге жетік болуы, әлемді жақсы тануы, қандай өзгеріске де стратегиялық әзірлігі, халықаралық ұйымдардағы іс-тәжірибесі, адам тануы, ел қалауын ерте сезінуі осы тереңдіктің белгісі.
Төртіншісі, табандылық. Қаңтар қасіретінің алғашқы күндерінде ел көңілін үрей мен қорқыныш билеген мезетте «Ешқайда кетпеймін. Мемлекет құламайды» деген Президенттің бір ауыз сөзі есімізді жиғызып, еңсемізді көтерген еді. Осы табандылық қасиеті осы уақыт бойындағы күрескерлігінен, қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуінен, түбегейлі өзгерістер жасауға деген бетбұрысынан-ақ анық көрінді.
Осы төрттаған – тазалық, туралық, тереңдік, табандылық сынды төрт қасиет төрдегіден төмендегіге дейін тұмар болса, төрт құбыласы тең ел болудың да ауылы алыс болмас еді. Сол арқылы жаңа Қазақстанның жаңа құндылықтарының, шынайы құндылықтарының қатарын толықтыра отырып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырарымыз анық.