Ordabasy: Түрлі саладағы реформалар халықтың жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеуі қажет

Oinet.kz 21-02-2022 874

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов ауданымызға келіп, бірқатар ауыл, елді мекендер мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Алдымен әкімдік ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Қайнар Бегалыұлының  қатысуымен «Nur Otan» партиясы фракциясының кезектен тыс отырысы өтті.

Screenshot_4.jpg

Фракция отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе «Nur Otan» партиясының Ордабасы ауданы  бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 2021 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев баяндама жасады.

Алқалы жиында Мәслихат депутаттары ағын судың, жайылым жердің, білім, спорт, медицина саласындағы күрмеуі шешілмеген мәселелерді ортаға салды. Өндірісі өрісті, шаруасы жемісті ауданда жыл бойы атқарылған жұмыстармен танысқан халық қалаулысы  аудан орталығы Темірлан елдімекеніндегі “Азаматтарға арналған үкімет” және халықты жұмыспен қамту орталығының ғимаратында болды. 

Құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталған нысанның құны 345 млн 348 мың теңге. Орталық Ордабасы ауданынан бөлек, Бәйдібек, Арыс, Отырар ауданының халқына жүргізуші куәлігі мен техникалық құжат беру қызметтерін атқарады.

Мұнан соң аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың жол бастауымен Мәжіліс депутаты Төрткөл, Шұбарсу елдімекеніндегі халықпен кездесті.

Әуелі Төрткөлдегі шаруалармен кездесу барысында Қайнар  Бегалыұлы шаруаларлың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, ағын су, тыңайтқыш, жанар-жағармай, субсидия мәселесі бойынша тұрғындардың талап-тілектерін түртіп алды. 

Өз сөзінде депутат аталған мәселелерді аудан әкімдігімен бірлесе отырып, тиісті министрліктерге жеткізіп, оңды шешім табуына бар күш-жігерін салатындығын жеткізді. Шұбарсу, Бөржар тұрғындары жеке мәселелері бойынша қоғамдық тыңдауға қатысып, медицина, білім беру, спорт саласы бойынша өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. 

Кездесу барысында шұбарсулық тұрғын жыл өткен сайын ауылдағы халық санының артуына байланысты мектеп бітірген жастардың кәсіптік білімін жетілдіру үшін ауылда колледж қажеттілігі туындағанын тілге тиек етті. 

Өз кезегінде аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы Мәжіліс депутатына ауылдастардың бұл қажетсінуіне республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға қолдау көрсетуді сұрады. Шұбарсудағы жеке қабылдаудан соң Мәжіліс депутаты аудан әкімінің жол бастауымен  құрылыс саласында облыстағы бірегей жоба -  “BOKEI” қыш зауытының жұмысымен танысты. Күнгейдегі құрылыс индустриясында инновациялық қуаты мығым өндіріс  тәулігіне 100 мың дана кірпішке дейін өндіре алады. Бүгінде жаңа зауыт 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сапар соңында мәжіліс депутаты ордабасылықтардың  өтініш-талаптарын Мәжіліс мінберінде салалық министрліктерге жолдап, халықтың пайдасына жұмыс істейтін кешенді жобаларды әзірлеуге атсалысатынын жеткізді. 

Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Қазақстандағы ең ерекше әдеби сыйлықты ұсынушы меценат кім?
Ресей ДХР және ЛХР тәуелсіздігін мойындады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу