Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Алматыда көпқабатты үйдің 9 қабатынан анасы мен үш баласы секіріп кеткен еді. Марқұмның күйеуінің ата-анасы балалары үшін алаңдайтынын айтады. Себебі қайғылы оқиғадан кейін ер адам өз-өзіне қол сала ма деп қорқады. 28 жастағы әйелдің мұндай әрекетке не себепті барғанын нақты ешкім айта алмайды. Марқұмның енесі балаларының еш уақытта жанжалдаспағанын және шағымданбағанын айтады. Соңғы рет ұялы телефонмен сөйлескенде де күдік тудырарлық ештеңе байқамаған, деп хабарлайды Астана арнасы.
"Мен олармен қайғылы оқиғаның алдында ғана сөйлестім. Келінім әдеттегідей "Әке, жағдайыңыз қалай?" деп сұрады. Бәрі жақсы болатын. Не болғаны бәрімізге жұмбақ. Екеуі сүйіп үйленді, сүйіп алды, үш балалы болды. Ұлым Нұрсұлтанды да жаман деп айта алмаймын. Көршілерім біледі, жора-жолдастары біледі мысалы ішпейтін, шекпейтін бала. Келін де алтын адам еді. Осы жағдайдан кейін ол "Әке, олардың төртеуі де жоқ. Енді не үшін өмір сүремін?" деді", - деп мәлімдеді марқұмның қайны атасы Бауыржан Оразов.
Жақындарының айтуынша, 30 жастағы үйдің отағасы базарда жұмыс істейді. Банкте несиелері болмаған. Үлкен қыздары қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған. Алайда мектеп әкімшілігі пікір білдіруден бас тартқан. Екінші қызы дайындық сабағына қатысып жүрген екен. Кіші ұлдары екі жаста болған.
"Нұрсұлтан өте сабырлы адам, әйеліне дауыс көтергенін көрмеппін. Жақсы тұрды. Балаларының қарны тоқ болатын. Аяқ асты не болғанын түсінбеймін", - деп қосты туысы Ғалымжан Оразов.
Көз жұмған 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаеваның ата-анасы Шымкентте тұрады. Олар пікір білдіруден бас тартты. Анасы мен балаларының денесін Қазығұрт ауданына жеткізеді. Оларды бүгін жер қойнына тапсырады.
Айта кетейік, бұған дейін марқұмның атында үш несие болғаны туралы хабарлаған едік. Несие жайлы күйеуі Нұрсұлтан Оразов та хабардар болған.