Қарағандыдағы балабақша қызметкерінің әрекеті видеоға түсіп қалды (видео)
Әлеуметтік желіде жекеменшік балабақша қызметкерінің дөрекі әрекеті түсірілген видео тарады. Видео Желіде резонанс тудырды, мектепке дейінгі мекемеде тексеру жүргізілмек, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Желіде тараған кадрларда сырт киімімен еденде жатқан кішкентай қыз көрінеді. Видеодан оның балабақшада қалғысы келмегенін байқауға болады. Сәлден соң оған балабақша қызметкері келіп, қыстық күртесінің жеңінен жұлқып, ертіп кетеді. Видео сипаттамасында мұндай жағдай жиі болатыны жазылған.
- Мен куәгермін. Балабақшадағы психикасы бұзылған қызметкердің әрекетін жай қалдыра алмадым. Бұны аноним жариялауыңызды сұраймын. Себебі мұндай қарым-қатынасты ортағасырдағы садизмнің бір түрі деп санаймын. 40 000 теңгеге балалардың психикасын бұзатын жеке мекеме! Онда жүрегі ауыратын бала бар, бұлай жалғасса оны қиын жағдайға дейін жеткізеді. Барлық дені сау емес қызметкерді тексергенін қалаймын, - делінген видео сипаттамасында.
Видеоға қатысты Қарағандының білім басқармасы да пікір білдірді.
- Видеоны көрдік. 22-23 қарашада осы балабақшада қызметтік тексеру жүргізіледі. Нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз, - деді департаменттегілер.