Туризм Шымкент экономикасына серпін береді

Oinet.kz 28-10-2021 476

207079225.jpg

Бүгін Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы  Ерлан Қыдыров басқарма тарапынан 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Қазіргі таңда  Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы маркетингтік ілгерілету, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, «Креативті индустрияны» дамыту, сыртқы байланыстарды дамыту және ынтымақтастықты нығайту секілді 4 бағытта жұмыс жасауда.

Ерлан Ермекұлы өз сөзінде Шымкент қаласының қазіргі таңда Қазақстанның 8 өңірімен және 4 халықаралық бағытта тікелей әуе қатынасы бар екенін атап өтті. 

 Ағымдағы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша қаламызға 158 224 турист келген. Сәйкесінше, қала экономикасына түскен табыс көлемі 9,5 млрд. теңгені құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 есеге арттыру, яғни 19 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ал, былтыр Шымкент қаласына келуші турист саны 213 394 адамды құрап, туризм саласынан қала экономикасына түскен табыс көлемі 12,8 млрд. теңгеге жеткен болатын.

Үшінші мегаполистің көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қаңтар айында  ашылған «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы жыл басынан бері әзірленген 17 маршрут бойынша 115 тегін экскурсия ұйымдастырып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетті. Орталық базасында қаладағы халық көп шоғырланатын нүктелерде 7 ақпараттық киоск орналастырылған. Ал, туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында іске асқан VISIT-SHYMKENT.KZ туристік порталы мен мобильді қосымшасына қазіргі таңда қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізіліп, портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынған. 

Туристік саланы дамыту бағдарламасына сәйкес, шетелдік туристерді тіркеу, есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға бағытталған «E-Qonaq» электронды жүйесі Қазақстан бойынша іске қосылған болатын. Бүгінде бұл жүйе Шымкент қаласындағы 65 қонақ үйде орнатылған. Басқарма алдағы уақытта қаланың танымдылығын арттырып, туристік ағынды арттыру мақсатында бірқатар жобаларды іске асырмақ. 

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы


Шымкент: Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істер
Газға қатысты сақтық шаралары түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу