Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
21-06-2023
Ештеңенің байыбына бармай, анығына жетпей, әлеуметтік желідегі сансыз пікірлерге еріп, азаматтарды қаралау белең алып келеді. Фейк ақпараттың таралу жылдамдығы ақиқаты басым, уақыттың шешімін қажет ететін шынайы мәліметтерді басып кетіп жатыр. Міне, экс-министр Нұрлан Ермекбаевтың Жамбылдағы жарылыстан кейінгі алғашқы портреті осындай келеңсіздіктерден қалыптасты. Рас, 17 азаматтан бейбіт күнде айырылу оңай емес, бірақ оның себеп салдары тек бір кісіде емес екенін біразымыз білеміз.
Жарылыс болған сәттен-ақ отставкаға кетуін талап еткен қоғамның ұсынысы жерде қалмады, министр мойнымен көтеріп, жағдай тұрақталған соң қызметімен қош айтысуға дайын екенін мәлімдеді. Бірер күннен соң Президент экс-министрдің өтінішін қабыл алып, оны бұл қызметтен босатты.
Қоғам қанағаттанғанмен, сарапшылар мен саясаткерлер Ермекбаевтың бұл қадамына таңдана қарады. Себебі бұған дейін әлемнің өзге елдерінде оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстан кейін ешбір министр мансабын тоқтатпаған. Тіпті телеграмдағы 300 мыңнан аса жазылушысы бар НЕЗЫГАРЬ каналы да Ермекбаевтың әрекетіне баға беріп, бұрын соңды жарылысқа бола бір ведомствоның министрі отставкіге кеткенін естімегенін жазды.
- Рас, өзге елде, мәселен, Украина, Чехия, Ресейде жарылыс болды. Бірақ министр емес, оқ-дәрінің сақталуына жауап беретін азаматтардан сұрау алынды. Және де мұндай келеңсіз оқиға ішкі тәртіп бойынша тергеліп, жауаптылар жазасын алатын. Ал Қазақстанда бұл басқалай өрбіді – деп жазылды телеграм каналда.
Аккаунтың өкілдері Нұрлан Ермекбаевтың бұл әрекетін алысты көздеу деп тұжырымдады. Қиын-қыстау кезеңде жауапкершіліктен қашпайтынын көрсету арқылы биліктің сенімінен шыға алатынынсездіріп, толықтай мойнымен көтере алатынын дәлелдеді дейді.
Ал белгілі қоғам қайраткері Ермұхамед Ертісбаев You Tube-тегі арнасында Жамбылдағы оқиғаға баға берді. Ол алып-қашпа әңгімелерді емес, қолжетімді құжаттарды негізге ала отырып, әскердегі маман-офицерлермен пікірлесіп, тұжырымын айтты. Оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыс табиғи құбылыс болмаса да, кездейсоқ нәрсе емес, оның әскерде орын алу ықтималдығы жоғары екенін жеткізді
– Әлемдегі кез келген армия үшін жарылыс кездейсоқтық емес, ол экономикалық деңгейіне де, геосаяси орналасуына да, қандай да бір артықшылық пен кемшілікке де байланысты емес. Неге десеңіз, оқ-дәрілер болсын, жалпы Қарулы Күштердің өзі болсын, парадоксқа ұқсайтынына қарамастан, жоғары қауіптің көзі болып табылады. Қалай айтсақ та, ешбір мемлекеттік органда қорғаныс ведомствосында сияқты сонша көп қауіпті, жойқын қырғынға ұшырататын қару-жарақ, техника мен оқ-дәрі жоқ. Қазақстан армиясының тағы бір ерекшелігі – қару-жарақ пен оқ-дәрілердің басым бөлігі кеңес дәуірінен қалған. Олардың кепілді пайдалану мерзімі баяғыда өтіп кеткен, – деді қоғам белсендісі.
Көзі ашық оқырман Қазақстан Қарулы Күштеріндегі 30 жыл бойы жинақталған проблеманы отставка шешпейтінін жақсы түсінеді.Ертісбаев та мұны тарқатып айтты.
– Армия да біздің жалпы мемлекеттік жүйе сияқты өте «икемсіз», сондықтан жылдар бойы қалыптасқанды түзету үшін Ермекбаев басшылық еткен 3 жыл әрине аз. Еліміздің тарихында қорғаныс саласын армия генералдары да, саяси басқарушылар да басқарған болатын. Олардың әрқайсысының кезінде де оқ-дәрілер қоймаларында жарылыс болып, әскери қызметшілер мен азаматтық тұрғындар қаза тапқан. Ол төтенше жағдайлар бірлі-жарым да болды және сериялы түрде де болды, бірақ ешбір министр орнынан кетпеді, – деді қоғам белсендісі.