Есеп тыңдалды
“Nur Otan” партиясы фракциясының мәжілісі өтті. Шымкент қаласы мәслихатының Nur Otan фракциясы мәжілісінде аталған фракцияның 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Жиынға партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов, Гани Ташкараев, Мұхтар Ерман, қалалық мәслихат депутаттары, партия белсенділері қатысты.
Жергілікті билік пен бұқара арасына алтын көпір болған фракцияның алты айда атқарған жұмыстарын фракция жетекшісі Бекайдар Тулегенов тізбектеп шықты. Басты мақсат - бюджет қаражатының «қалта-қалтада қалып, талан-таражға салынбай» тиімді жұмсалуын қадағалау. Жол картасындағы индикаторлардың орындалуына фракцияның барлық мүшелері жауапты. Бұл ретте қоғамдық кеңестер тарапынан тиісті мекемелерге 100-ден аса ұсыныс жолданыпты.
Депутаттық фракция мәжілісінің басты мақсаттарының бірі – жергілікті бюджет қаражатының мақсатты, әрі тиімді жұмсалуын бақылау болып табылады. Осы мақсатта биыл халықтың талап-тілектері мен ұсыныстары ескеріле отырып партияның бесжылдық қалалық сайлауалды бағдарламасы дайындалды.
«Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Жол картасы әзірленді. Жол картасында 10 басымдық бойынша 149 іс-шараны жүзеге асыру мақсат етілген. Фракцияның барлық мүшелері Жол картасындағы индикаторлардың орындалуына жауапты.
Бұдан бөлек, партияның сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың орындалуын бақылау мақсатында қалалық филиал жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңестер тарапынан тиісті мекемелерге 134 ұсыныс жолданды. Бүгінге дейін қалалық мәслихаттағы фракцияның 7 отырысы өтіп, күн тәртібінде 49 мәселе қаралды.
Сонымен қатар, мәслихаттағы фракция мүшелері тарапынан жыл басынан бері тиісті мекемелерге 141 депутаттық сауал жолданды.
Партия қоғамдық диалогқа әрдайым дайын. Жыл басынан бері Жол картасындағы іс шаралардың іске асырылуын бақылау мақсатында фракция мүшелері тұрғындармен 200-ге жуық кездесу өткізді. Және фракция мүшелерімен 47 қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауда 288 азаматтардың талап-тілектері тыңдалды. Оның ішінде 90 азаматтың мәселесі оң шешімін тапса, қалған 198 азаматқа заң аясында түсінік берілді.
Партиялық жобалар мен қайырымдылық акцияларын іске асыруда барлық фракция мүшелері тарапынан 90 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді.
Филиал атқарған жұмыстармен танысқан парламент мәжілісінің депуттары оңды істерді жоғары бағалады. Халық қалаулылары үшінші мегаполисте атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуына да оң баға берді. Алайда, халық қалаулыларын қымбатшылық құрсауында қалған қазақстандықтардың жайы алаңдатады. Атап айтсақ, жанар-жағармай және азық-түлік бағаларының қымбаттамауы партия фракциясының назарында болуы керек екенін айтты.
Бұл ретте мәжіліс депутаттары ең алдымен тұрақтандыру қорларының жұмысын Үкіметтік деңгейде реттеу қажет дейді.
Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы екпе салдыруды да назарда ұстауды ұсынды.
Жарыссөзге шыққан мәслихат депутаттары өз ұсыныстарын жеткізді. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева қорытындылап, ұсыныс – пікірлердің ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын жеткізді.