Бәйдібек әкімі ауылдық округтерді аралады
29-06-2022
Бәйдібек ауданына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Абасов іссапармен келіп, аудан әкімдігінде кездесу өткізіп, ауылдарды аралап, елмен кездесті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев, Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Қайнар Абасов Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің жұмысы және алда тұрған міндеттері туралы хабарлама жасады. Өткір әрі ашық пікірлер айтылған жиында Бәйдібек ауданының бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары аграрлы сала бойынша өз ойларын ортаға салды. Ел көкейіндегі түйткілдерді баяндады. Бәйдібектіктер республикалық бюджеттен көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағармайды ертерек берсе, егілген майлы дақылдарға субсидия берілсе, егілген егістікті сақтандыру жұмыстары қолға алынса деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен бірге шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына берілген несиелерінің төлеу мерзімін ұзарту және басқа да егіс дақылдарына арналған бірқатар шығындардың нормативтерін қайта қарауды тиісті министірлікке жеткізу жөнінде өтініштерін айтты. Өйткені биыл құрғақшылық салдарынан егістіктің біраз бөлігі күйіп, шаруалар шығынға батып отыр. Шаруалардың айтылған ұсыныс-пікірлері назарға алынып, тиісті министрліктің алдына мәселе етіп қоятынын жеткізген Қайнар Абасов, бірқатар сұрақтарға жауаптарын берді. Биылғы қуаңшылықтан қинналып қалған ауыл шаурашылығы қызметкерлерінің талаптары орынды екенін айтқан депутат тамыз айында Бәйдібекке Ресейден 100 тоннадан астам бидай ұрығын бидай ұрығын Бәйдібек ауданға жеткізуге күш салатынын айтты.
Сондай-ақ мәжіліс депутаты Қайнар Бегалыұлы аудандық жастар сарайында аудан жастарымен кездесті. Кездесу барысында Қайнар Абасовқа жас кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Жастарды қолдау мақсатында жастарға және жас кәсіпкерлерге кепілсіз несие берілсе, жаңадан дәріхана ашу үшін несие қаралса, наубайхана ашқан кәсіпкердің нан жабатын пешіне үш фазды есептегіш құралын қойып берсе, деген ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді.
Нан жабатын кәсіпкердің электр энергиясы жөніндегі мәселесін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бақылауына алып, жұмыс жүргізетінін айтты. Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген кейбір мәселелер бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев та өз ойын ортаға салды. Ол Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, Жол картасы бойынша біраз жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Осы іссапарында депутат Ақбастау ауылдық округі аумағындағы «Ернұр корпорация» ЖШС-нің базасында бірінші жаңбырлатып суғару құрылғысын көрді. Жоғары технологиялы құрылғы өнімділікті еселеп арттырады дейді мамандар. Мал азығын еккен алқаппен, одан кейін мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Жаңа технологиямен қысқы маусымға әзірленіп жатқан мал азығының жұмыс барысын көріп шықты. Аталған корпорация базасында шаруашылық төрағаларымен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады.