Арыстанбек Мұхамедиұлы Шыңғыс хан Ұлытауда жерленуі мүмкін екенін айтты
Ұлттық музейдің директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Алаша хан кесенесіне байланысты тарихты жаңғырту мақсатында әлемдік ғылыми қауымдастыққа үндеу жасады. Ол өзінің зерттеуін деректі фильм арқылы көрсетіп, әлеуметтік желіде жариялады.
"Алаша ханның шын мәнінде кім екенін анықтау үшін, бүгін мен халықаралық қоғамдастыққа үндеу жариялауға бел шештім. Әрине, менің пайымым пікірталас, бәлкім халықаралық резонанс тудыруы мүмкін, алайда бұл сырттағы елдің біздің тарихымызға, ата-тегімізге қызығушылық тудырары сөзсіз", - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Экс-министр халықаралық зерттеулер арқылы түрлі аңыздарға арқау болған, мифтік образ деңгейінде қалып қойған Алаша хан туралы қисынсыз дәйектерді жоққа шығарып, шын мәнінде оның кім болғанын анықтауды мақсат тұтып отыр.
"Алаша хан мен Шыңғыс ханды бір адам деп санайтын пікірді қолдайтындар көп. Сол себепті әлем деңгейіндегі тарихшы-ғалымдарды тарта отырып, талай ғасырдан жұмбақ болып келе жатқан сұрақтың жауабын беретін уақыт жетті", - деген Арыстанбек Мұхамедиұлы видеоматериалда бұл пікірді қуаттайтын бірнеше дерек келтірген.
"Біріншіден, Жошы ханнан мәртебесі биік, еңселі кесенеде жатқан кім болуы мүмкін? Немесе әйгілі Жошы ханның қасына жай адамға арнап үлкен кесене салынуы мүмкін бе? Рас, тарихи уақыт тұрғысынан алғанда ең алдымен Жошы ханға, кейін "Алаша ханға" арнап кесене тұрғызылған. Мұның себебін 1227 жылы Жошы ханның әкесінен бұрын қаза табуымен байланыстыруға болады. Шыңғыс хан тұңғыш ұлына арнап үлкен кесене салуға әмір берген.
Екіншіден, Жошы хан кесенесінің көлемі 9,55×7,25 метр, биіктігі 7 метр құраса, ал Алаша ханның кесенесінің көлемі 9,73×11,9метрді, күмбезін қоса алғандағы биіктігі 10 метр!
Үшіншіден, Алаша ханның кесенесіне кірген кезде маңдайшаға арнайы салынған бөрінің іздерін анық байқаймыз. "Алаша" деген сөздің өзі "бөрі" деген мағынаны береді. Өйткені ежелгі түркілер өздерін Көк Бөрінің ұрпағымыз деп санап, соған табынды.
Төртіншіден,Алаша ханның мазарында Қазақ жеріндегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи және тағы да басқа кесенелерде ғана емес, сонымен қатар тұтастай Орта Азияда кездеспейтін, арнайы әскери қорғаныс мақсатын даерекше баспалдақтар салынған", - дейді деректі видеода Ұлттық музейдің директоры.