«Уәде бермеймін» - министр Бағдат Мусин
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстандағы әрбір үйге оптикалық-талшықты интернет жүргізу үшін миллиардтаған доллар инвестиция қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Министрдің халыққа есеп беру кездесуінде Түркістан облысының тұрғынынан осыған қатысты сұрақ қойылды.
- Әр үйге оптикалық интернет орнатамын деп уәде бермеймін, негізгі сұрақ осы шығар, өйткені бұл миллиардтаған доллар инвестицияны қажет етеді, мұндай экономикалық жағдайда субсидия алу өте қиын. Бірақ біз ауыл тұрғындары онлайн-алаңдарға кіріп, тауарларын электрон коммерция платформаларында сата алуы үшін, YouTube немесе басқа платформаларда видео көруге мүмкіндігі болуы үшін сапалы мобильді Интернетті қамтамасыз етеміз. Біз бұл бөлікті жасаймыз, - деді Мусин есеп беру кездесуінде.
Цифрлық даму министрінің айтуынша, сапалы интернет әрбір тұрғынға 4G қолдануға мүмкіндік береді, ал интернет жылдамдығы секундына 5 мегабитке жетеді.
Талшықты-оптикалық интернет - бүгінгі таңда желіде ақпарат тарататын ең жылдам технология.