«Микрофонды қосуды білмейсіз, қалай басқарып жүрсіз» - Мәжіліс спикері Атамқұловты сынға алды
Мәжілістің жалпы отырысында парламенттің төменгі палатасының төрағасы Нұрлан Нығматулин индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты сынға алды.
Отырыста 2021 жылға арналған Қазақстан экономикасының даму көрсеткіші туралы айтылды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ағымдағы жылға арналған елдің экономикалық өсу болжамы 2,8-ден 3,1%-ға дейін жақсарғанын жеткізді. Яғни Қазақстан экономикасы қайта қалпына келе бастады.
- Әсет Арманұлы, сіздің болжамдарыңыз шынымен оптимистік тұрғыдан сенімді шығар. Бірақ әділеттілік үшін айта кетуім қажет, бұл ЖІӨ өсімінің 3 пайызы былтырғы экономикалық рецессияның арқасында жүзеге асты. Экономикалық өсім - біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасымен есептелуі тиіс, - деді Нұрлан Нығматулин.
Оның сөзінше, егер Ұлттық экономика министрлігі, мысалы, агроөнеркәсіптік кешендегі өсім туралы болжамдарды жарияласа, онда дүкен сөрелері импорттық өнімдермен емес, отандық ірімшіктер мен шұжықтармен "толығуы" тиіс.
- Сіздің қолдан сызған пайыздық көрсеткіштеріңізден келіп кетер ештеңе жоқ. Одан дым өзгермейді. Егер өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының өсуі туралы айтатын болсақ, онда біздің құрылыс материалдары халыққа қолжетімді болуы керек. Оның ішінде бағасы да тиімді болуы тиіс. Бізде неге олай емес, Бейбіт Бәкірұлы (Атамқұлов - ред.) - деді мәжіліс төрағасы.
Микрофонын қоса алмаған Атамқұлов сыбырлағандай "иә" деп жауап берген.
- Естілмейді, микрофоныңыз қосылмаған, - деді Нұрлан Нығматуллин.
- Иә, - деп жауап берді Атамқұлов сол күйі микрофонын қоса алмай.
- Министр Атамқұловқа микрофон қосып беріңіздер. Әлі күнге дейін микрофонның батырмасын қосу білмейсіз, өндірісті қалай басқарып жүрсіз, - деді мәжілістің төрағасы.