«Нақты сөйлеңіз, министр мырза» - Мәжіліс төрағасы Цойды сынға алды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой деректерді нақты айтпағаны үшін сынға ұшырады, деп хабарлайды Азаттық рухы.
Министрдің сөзінше, елімізде сәуір айына дейін 2 миллион, 2021 жылдың соңына дейін 6 миллион тұрғын вакцина алуы керек. Алайда, 4 мамырдағы мәлімет бойынша іс жүзінде екпенің екі компонентін салдырғандар саны небәрі 347 774 тұрғын. Мәжіліс депутаты Лариса Павловец Қазақстан президентінің вакцинацияға қатысты берген тапсырмаларын еске түсіріп, денсаулық сақтау министріне сұрақ қойды.
- Республикалық бюджет есебін қарастыру кезеңінде коронавируспен күрес үшін қосымша 265 миллиард теңге бөлінген. Яғни, індетпен күрес шығыны толық өтеліп отыр. Алайда, қазір орындалып жатқан вакцинация қарқыны алаңдатады. Бұл туралы Nur Otan фракциясының депутаттары айтты, тіпті вакцинацияға жауапты денсаулық сақтау министрлігіне сұрау да жолдады. 19 қаңтарда Үкімет отырысында сіз және вице-премьер Ералы Лұқпанұлы (Тоғжанов - ред.) бірінші жартыжылдықта 2 миллион, жыл соңына дейін 6 миллион адам екпе алатынын айттыңыздар. Алайда, 4 мамырдағы жағдай бойынша, 1 млн 422 мың тұрғын вакцинаның бірінші дозасын, 347 774 адам ғана екінші компонентін салдырған. Дәрігер ретінде, екі дозаны қабылдаған адам ғана вакцинацияланған болып саналатынын білемін. Оны кез келген инфекционист растап береді. Жыл соңына дейін 6 миллион адам вакцинацияланады дегенге сене алмаймыз. Алексей Владимирович, вакцинация қарқынын ұлғайту үшін министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? - деп сұрады халық қалаулысы.
Алексей Цой екпенің пандемиядан аман шығудың жалғыз жолы екенін еске салып, вакцинация қарқынының баяу жүру себебін былай түсіндірді.
- Екпе салдыру – ерікті. Біз Қазақстанның барлық өңірін вакцинамен қамтыдық... Бірінші дозаны қабылдаған 1,4 миллион адам 21-45 күн аралығында екінші дозаны да салдырады. Бірінші дозадан кейін 15 күннен соң антиденелер пайда болып, адамды вирустан қорғайды. Мәселен, кеше 117 мың адам вакцина қабылдады. Басында вакцинаға қауіппен, күдікпен қараған тұрғындар қазір сене бастады. Адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді денсаулық сақтау министрі.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин вакцинаның екінші компонентін қанша адам салдырғанын нақтылап өтті.
- Вакцинаның екі компонентін салдырған адамдар саны – 400 мың. Болжамдарды қояйық. Журналистермен кездескенде, халықтың алдына шыққанда, нақты сөйлеңіз, министр мырза. Сіз екі компонент аралығын 21 күн, ары кетсе 45 күн дейсіз. Орынбасарыңыз 90 күн дейді. Әбден шатастырдыңыздар. Дипломыңызды ашып қарасақ, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушы деп жазылған. Ең болмаса, вакцинацияны дұрыс ұйымдастырыңыз! БАҚ өкілдері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмектесіп жатыр. Қажетті ақша бөлінді. Енді қалғаны – ұйымдастыру. Елдің басын қатырмайық. Екінші дозаны әлі алмады деген – жай ғана ақталу. Келістік пе? Бүгін министрлердің үні шықпай отыр ғой? - деді мәжіліс төрағасы.