Бейбіт Төреханов: Аурухана жөнделіп, жаңа емхана пайдалануға беріледі

Oinet.kz 08-04-2021

Бейбіт Төреханов.jpg

Бейбіт Төреханов, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

107 мыңнан астам азаматқа дәрігерлік қызмет көрсететін Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында бүгінде оң өзгерістер көп. Білікті бас дәрігер Бейбіт Төрехановтың айтуынша, емдеу ұйымы былтырдың өзінде біршама қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Әлемді жұқпалы індет жайласа да ақ халаттылар аянбай, бастарын қауіп-қатерге тігіп, еселі еңбек етіп келеді. 

– Коронавирустық инфекцияның қайта өршуіне, індетпен күресуге аурухана сақадай- сай әзір. Инфекциялық стационарлар дайын тұр. Олардың барлығында дәрілік және медициналық қолданысқа қажетті заттардың екі айлық қоры сақтаулы. Ауру өршісе төтенше жағдайға жеткізбей шұғыл әрекет етуге әзірміз. Оған қоса Қазығұрт ауданының әкімі Арман Айдарұлының қолдау көмегімен де біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан басшылығы тарапынан құрылған мобильдік топтар құрамында мамандарымыз да халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізумен айналысуда. Бұл бойынша ситуациялық орталық ашылып, жұмыс істеуде. Қазіргі таңда сырқатты анықтау бағытында патронаждарды күшейтіп жатырмыз. Егер коронавирус белгілері білінген жағдайда ПЦР-тест тапсыртып, жедел оқшаулауға аламыз, – дейді Бейбіт Орынбекұлы.

Соңғы жылдары сапалы емдік қызмет көрсету үшін еліміздің емдеу мекемелерін жоғары сапалы медициналық құрылғылармен қамтуға басымдық беріліп келеді. Бұл ретте Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен бірнеше ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің гуманитарлық көмек ретінде оттегі концентраторларын сыйға тартуы да емдеу мекемесінің жүйелі жұмысын біршама жеңілдетті. 

Бүгінде аурухана орталықтандырылған 65 оттегі нүктесімен қамтылған. Өткен жылы мамыр-қазан айлары аралығындағы кезеңде провизорлық орталықта 921 адам емделіп шыққан. Оның 555-і пневмония диагнозымен жатып, ауруынан айыққан. Ал аурухана құрамындағы аудандық орталық емханаға келген науқастарды карантиндік шектеулер кезінде тиісті талаптарды сақтай отырып, бір ортаға шоғырландырмау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бірінші кезекте коронавирустың алдын алуға бағытталған. 

Айтпақшы, сәуір айының соңына дейін жаңа емхана ғимараты пайдаланылуға берілмек. Дәрігерлер заман талабына сай ыңғайластырылған сол су жаңа мекенде қазығұрттықтарға қызмет көрсетпек. Сонымен қатар, биыл Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде заман талабына сай жаңаша кейіпке енетін емдеу мекемесінде тиісінше дәрігерлік қызмет көрсету сапасы артатын болады. 

– Өткен ғасырдың 70-інші жылдары іргетасы қаланған ғимараттарымыз 2007 жылдан кейін жөндеу көрмеген, жағдайы сын көтермейді. Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен аурухананы толық күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі туып отыр. Ең бастысы – халыққа қолжетімді сапалы қызмет көрсету, – дейді бас дәрігер. 

Ал аурухананың жан сақтау бөлімі 12 төсек-орынға лайықталған. Бұл бөлімнен жылына шамамен 1200-ге жуық науқас сауығып шығады екен. Дегенмен, былтыр пандемияға байланысты емделушілер саны мың жарымға жуықтапты. «Жан сақтау бөлімінде 8 дәрігер бар. Оның біреуі жоғарғы санатты, екеуі бірінші санатты, біреуі бірінші санаттағы дәрігер. Ал қалғандары жас мамандар», – дейді жан сақтау бөлімінің меңгерушісі, жоғарғы санаттағы дәрігер Махмұд Жақыпбекұлы. 

Мамандардың кәсібилігін арттыру демекші, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бойынша оқу жұмыстары жолға қойылған. Мейірбикелерді бакалавр дәрежесінде оқыту іске асуда.

Аурухана базасы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев табыс еткен су жаңа жылжымалы диагностикалық медициналық кешенмен толықты. Заманауи үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған автобустың көмегімен дәрігерлер шалғайдағы ауыл азаматтарын да медициналық тексерістерден өткізуде. Яғни күйбең тіршілігінен босай қоймайтын ауылдағы ағайын аудан, облыс орталықтарына сабылып әуре болмайды. Оларға дәрігерлердің өздері келеді. Тек отандастар автобусқа жақындаса жетіп жатыр. 

Жылжымалы диагностикалық медициналық кешен халық санына қарай әр ауылда бірнеше күн тұрақтап, бірнеше білікті маман тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетеді. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты емхананың хирург-дәрігері Сайдбек Кузиевтің сөйіне сүйенсек, бір күнде 150-ге тарта адам диагностикалық тексерісте өтуде. «Жылжымалы диагностикалық кешен құрамында УДЗ дәрігері, гинеколог, хирург, фтизиопульманолог, терапевт, кардиолог қызмет көрсетеді. Бекітілген кесте бойынша ауыл округтарының орталықтарында 20 күн, кейде бір айға дейін боламыз. Бұл мерзім халық санына байланысты белгіленіп берілген. Бізге осындай мүмкіндік берген басшыларға рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ел риза. Өйткені ауыл адамдары орталыққа, қалаға барып әуре болмайды. Бұл, әсіресе, жасы үлкен кісілерге жүдә тиімді. Бірден осында келсе, көмектесіп, дәл диагнозын қойып беріп, емін жазып үйіне қайтарамыз», – дейді Сайдбек Кәрімұлы.

Расында да бұл сапалы медициналық көмек көрсетіп, диагностикалық тексерулер жүргізуге берілген үлкен мүмкіндік. Мұндай медициналық инновацияның шарапаты ауыл адамдарына тиіп жатса, қалай қуанбайсыз?! Биыл күрделі жөнделіп жаңаратын аурухана ұжымы пациенттеріне бұдан да мол қуаныш сыйлайтынына сенімдіміз. 

"Рейтинг" газеті, 8 сәуір, 2021 ж

Тергеушіге тұрғын үй табыс етті
Алексей Цой ел өңірлеріне қанша вакцина жеткізілгенін айтты


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×