Тергеушіге тұрғын үй табыс етті
«Тергеу құрылымының 58 жылдық» кәсіби мерекесіне орай жыл бойы өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, жоғары деңгейде қызмет атқарған Түркістан облысының тергеушілерін Полиция департментінің бастығы Қайрат Дәлбеков марапаттады. Солардың қатарында полиция генерал-майорының қолынан Алғыс хат алған Түркістан қалалық Полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Алтынай Жолымбековаға екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.
– Жауапкершілік пен әділдікті ту еткен тергеу саласының тегеуріні мықты тергеушілерін төл мерекелерімен құттықтаймын! Жұмыстарыңыз алға бассын! – деді Қайрат Сұлтанбайұлы мереке иелерін құттықтап тұрып.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен жүргізілген рейтинг нәтижесінде тергеушілер арасында 2020 жылдың қорытындысымен үздік шыққаны үшін және қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және «Үздік тергеуші» арнайы кубогымен Сайрам аудандық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Бекзат Мәтенов марапатталды. Ал, анықтаушылар арасында үздік шыққаны үшін арнайы кубокпен Сарыағаш аудандық полиция бөлімі анықтау бөлімшесінің анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Әлімжан Тасбауов марапатталды. «Тергеу құрылымының 58 жылдық» кәсіби мерекесіне орай және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Кезектен тыс полиция подполковнигі арнаулы атағы» Түркістан қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, полиция майоры Мұхтар Сейділдаевқа берілді.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасымен Түркістан қаласы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция капитаны Жанбол Жақай, Тергеу басқармасының тергеушісі полиция майоры Бахтиёр Пилдебаев марапатталды. Осы бұйрықпен 4 қызметкердің тәртіптік шарасы мерзімінен бұрын алынды.
Өз кезегінде марапатталғандар, еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет ететіндерін жеткізді.