Мемлекеттік көші-қон бағдарламасы: Қоныс аударушыларға барлық жағдай жасалған
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Мемлекеттік көші-қон бағдарламасын насихаттау бойынша брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісіне Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева, Солтүстік Қазақстан облысы Уалиханов ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Мұсабаева және Қостанай облысы Денисов ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Кәкімжан қатысты.
Брифингте алғаш сөз алған Меруерт Сейітбекқызы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асыру барысын баяндады.
– Павлодар облысына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 6 652 адам (1 419 отбасы) енгізілді. Олардың еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың (3 228) 2 523-не жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетіліп, оның ішінде 2 291 адам немесе 78,1 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл ретте қоныс аударушылардың ішінде 686 отбасы (3 089 адам) тұрғын үйді жалға, 486 отбасы (2 208 адам) тұрғын үй сатып алды және 239 отбасы (1310 адам) мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізді. Ал 4 отбасы (28 адам) жұмыс беруші есебінен баспаналы болса, 4 отбасы (17 адам) коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді М.Есембаева.
Оның айтуынша, аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласынан 69 отбасы (329 адам), ал Түркістан облысынан 393 отбасы (1 860 адам) қоныс аударған. Осы орайда Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы республикалық бюджет есебінен 307 пәтер салынған.
Зәуреш Керебайқызының сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысына 2016 жылдан бастап қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 6 765 адам (2 045 отбасы) енгізілген. Оның ішінде Шымкент қаласынан 174 отбасы (558 адам), ал Түркістан облысынан 698 отбасы (2235 адам) көшіп барған. Қоныс аударған барлық отбасы мемлекеттен төлем алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Яғни 741 отбасы жалға алу құқығын пайдаланса, 859 отбасы тұрғын үйдің қайталама нарығынан баспананы сатып алған. Ал 445 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұл ретте бағдарлама аясында қоныс аударушылар үшін пилоттық режимде 2019 жылдан бастап 1 022 үй салынса, осы жылы 714 үй салу жоспарланған.
Нұрлыбек Қайратұлының сөзіне сүйенсек, Қостанай облысына Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 2017 жылдан қоныс аудару бағдарламасын іске асырылуынан бастап 2 441 қоныс аударушы келген. Олармен толық түрде әлеуметтік келісімшарттар жасалып және көшуге, тұрғын үйді жалға алуға немесе сатып алуға субсидиялар төленген. Ал 2021 жылы 455 қоныс аударушыны көшіру жоспарланған. Бүгінде квотаға 244 адам енгізіліп, оның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 55 адам бар.
– Қоныс аударушылар медицина қызметкері (дәрігер, фельдшер, акушер, медбике), мұғалім, аспаз, бухгалтер, жүргізуші, тракторшы, механизатор, газ-электр дәнекерлеуші, инженер, ветеринар, монтажшы, жаттықтырушы және өзге де жұмыс орындарына орналастырылды. Ал «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары «zansoc.kostanay.gov,kz» сайтында сұранысқа ие мамандықтар тізбесі орналастырылады және ол ай сайын жаңартылып отырады, – деді Н.Кәкімжан.
Брифинг барысында спикерлер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушыларға барлық мүмкіндік қарастырылып отырғанын айрықша атап өтті. Ал солтүстік өңіріне көшіп барған азаматтар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, 2021 жылы қоныстанушы отбасылардың әр мүшесіне берілетін субсидия көлемі екі есеге көбейген. Бұған дейін әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы берілсе, ендігі кезекте қоныс аударушылар 204 190 теңге (70 АЕК) субсидия алады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр