Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Астана қаласының тұрғыны отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болды. Оны 1996 жылы туған бұрынғы күйеуі соққыға жыққан. 1 жыл бұрын заң бойынша ажырасып кетсе де, ер адам оның ізіне түсіп, баланы сылтауратып қорқытып-бопсалауын қоймаған. Ақырында ол алкогольдің жетегінде жәбірленушіні 19 наурыз күні кешке балконға шығарып алып, 2 сағат бойы басына, бүкіл денесіне ауыр жарақаттар салған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Үстіне суық су құйып, естен танып құлауға дейін жеткізген. Басқа бөлмеде ұйықтап жатқан 2 жасар баласын оятып алмау үшін ол қатты дауыс шығармауға тырысқан. Тек таңертең ғана күшін жинаған әйел жұқа киіммен сыртқа қашып шығып, көмек сұрауға мәжбүр болған.
Қазіргі уақытта оған медициналық көмек көрсетілуде. Ал оның арызы Астана қаласы, Есіл аудандық полиция бөлімшесінде жатыр. Жәбірленуші өзіне моралдық, заңдық қолдаудың дұрыс көрсетілгенін тілеп, құзіретті органдардан көмек сұрайды.
Жәбірленушінің жан айқайына бей-жай қарамаған танымал тележүргізуші, журналист Динара Сәтжан өзінің инста парақшасында: «Біреуге зорлық жасауға ешкімнің хақысы жоқ! Бірақ біздің елімізде кейбір «еркексымақтар» үйленгеннен кейін әйелдерін ұруға арналған «груша» сияқты санайды. Тіпті онымен ажырасып кетсе де. Заң жәбірленушінің құқығын қорғау керек. Біз әлеуметтік желілерде таратып, жәбір көрген әйел үшін күресіп жатырмыз. Егер ер адам басқа біреуді ұрса, оған қылмыстық іс қозғалар еді, ал өз әйелін ұрса, ол жазадан құтылып кетеді. Президент мырза, еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатыңызшы», – деп бөлісіп, нәзік жандыларға жасалып жатқан отбасылық зорлық фактілеріне түбегейлі қарсы екенін жеткізді.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты мынадай пікір білдірді. «Бізге 23 жасар жәбірленушіден арыз түсті. Тәртіп бұзушы қазір қолға түсіп, полиция бөлімшесіне тапсырылды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр».