Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерге күлше нан таратылды
Бүгін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп келген қонақтарға күлше нан таратылды.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған шараның мақсаты - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тарихи дәстүрді жаңғырту, кесене аумағында орындалған игі іс-әрекеттерді насихаттау, тарихи сананы қалыптастыру болып табылады.
-"Ясауи кесенесінде күлше таратудың да өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Бұрын мұнда Әмір Темірдің уақыфтық қолхаты бойынша ет пен бидайды 24 сағат бойы қайнатып, пісіретін «Хәлім ботқа» тамағы дайындалатын болған. Аптасына екі рет әзірленетін ботқаны ағаш астауларға салып, қариларға, дәруіштерге, жарлы-жақыбайларға, мүгедектерге, жиналған көпшілікке, жолаушыларға үлестірген. Күн сайын асханада пісірілген күлше нанды алыс жолдан келген зияратшыларға да тарататын болған. Бүгін біз бұл дәстүрді қайта жаңғыртып Ұлыстың Ұлы күніне орай ұйымдастырып отырмыз",-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Тарихқа көз жүгіртсек, ортағасырлардан бастау алған дәстүр ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан. Вакуфнама құжаттарында «....Қариларға, жергілікті халыққа арнайы «Халим аба» ас беріліп тұратын болсын. Оның үстіне әр жылы, шамамен алғанда ұн етіп диірменге тартылған жүз батпанға жуық бидайдан күлше пісіріліп таратылсын»,-делінген.
Түркі жұртының тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи мен қазақтың хандары және билері, батырлары мен игі жақсыларының сүйегі жатқан қасиетті жерге келген қонақтар «Ырыс пен берекенің бастауы – әз Наурыз» мейрамында таратылған нанға қуана қол созып, жақсы ырымға балап, алғыстарын жаудырды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі