Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Егер қызметкері парамен ұсталса, басшысына отставкіге арыз жазуды міндеттейтін заңның күшіне енгеніне міне, бір жылдан асыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан мәліметіне қарағанда, бір жыл ішінде бұл институт толығымен іске кіріскен.
Заң нормасы қолданысқа енгізілгелі 7 саяси қызметкер атқарып отырған лаузымынан босатылған. 10 әкім әртүрлі тәртіптік жазаларға тартылған. Соңғы тың мысалдарды келтіре кетейік, мәселен Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі Мұханбеджанов өзінің орынбасары Сабировқа шығарылатын үкімді күтпестен отставкіге арыз беріпті (сот үкімін күтпегеніне қарағанда, орынбасар көп нәрсені бүлдірген-ау шамасы). Өзі қатты өтініш білдірген соң әрине, оның отставкісі бірден қабыл алынған.
Осы аралықта қарамағындағылары сыбайластықа барып, алдын алу жұмыстарын әлсіретіп алғаны үшін 54 бірінші басшы, 48 әкімшілік қызметкер тәртіптік жазаға тартылған. Оның 8-і атқарып отырған лаузымынан босатылса, 1-еуі қызметінен төмендетілген, 4-еуіне қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту, 15-іне қатаң сөгіс, 11-іне сөгіс берілген. Квазимемлекеттік сектор саласындағы 6 топ-менеджер тиісті жазасын алыпты.
Бірақ антикордың құрғақ есептеріне қарап отырып, отставкіге арыз жаздырудың соңының сұйылып бара жатқаны байқалады. Бір жылдан аастам уақыттың ішінде отставкіге арыз жаздыруды міндеттейтін тәртіп нені көрсетті? Біз де өз тарапымыздан осыған қатысты тұжырымымызды білдіре кетсек.
Біріншіден, жалпы сыбайлас жемқорлықпен күреске келгенде алдымен қатаң қағида қажет. Қарамағындағы қызметкер жемқорлыққа барды ма, басшы отсавкіге арыз береді. Алайда сол отставкі бір жерде қабылданады, бір жерде қабылданбайды. Бәрі басшының қалауында. Ол арыздың иесі өзінің адамы болса, қатаң сөгіспен орнында қалдырады, егер бұрынғы әкімнен қалған кадр болса, отставкіге жібере салады. Яғни, отставкіні қабылдау-қабылдамау мәселесіне бірізділік, бәріне ортақ қағида жоқ.
Екіншіден, қызметкер парамен ұсталған соң, оған қатысты тергеу, сот амалдарының ұзаққа созылатыны байқалды. Сотты сағызша созбау мәселесі қамтамасыз етілген жоқ.
Үшіншіден, желтоқсанда Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовты сот жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жеті жылға соттады. Бірақ ол үшін ешкім отставкіге арыз берген жоқ. Неге? Президент Қ.Ысқақовты Қызылорданың әкімі етіп, 2019 жылы, сайлаудан кейін тағайындаған болатын. Рас, президен отставкіге арыз беретіндердің тізіміне кірмейді. Бірақ заң, тәртіп, қағида барлық мемлекеттік қызметкерлерге ортақ болуы тиіс емес пе?
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен күшіне енген отставкіге арыз жазуда қандай мән-мағына, қандай принцип бар дейсіз?!