М.ӘЙТЕНОВ: Фосфоршылар сарайы Жастар сарайына айналады
Шымкентте үш ауысымдық мектеп мәселесінің әлі шешімін таппай келе жатқаны рас. Уақтысында облыстың, қаланың басшылары проблеманы шешу жөнінде бірнеше мәрте уәде берген. Алайда ол уәделер орындалған жоқ.
Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халыққа берген есепті кездесуінде 2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылатынын мәлім етті. Оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынса, 40 мектепті жеке инвесторлар тұрғызады. Оның ішінде биыл 32 мектептің құрылысы басталады.
– Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі,– деді әкім. Шымкентте бүгінде 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 13 шағын ауданда мектеп жоқ. Халық санының өсіміне орай мектеп оқушыларының саны былтыр бір жылда 20 889 балаға көбейген.
Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Бұл тұрғыда шаһар басшысы бұрынғы Фосфоршылар сарайын Жастар сарайына айналдырып, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отырғанын айтты. Тоқсаныншы жылдары сыра зауытының иелігіне өтіп, ақыр аяғында қараусыз қалудың салдарынан әбден тозған Фосфоршылар сарайы жөнінде «Рейтинг» газетінде бұған дейін бірнеше материал жазылған болатын. Осы мәселені көтеріп жүрген шымкенттік ақсақал Өркен Әбдіреевтің де ұсыныстарын жариялағанбыз. Әйтеновтің елдің пікірін елеусіз қалдырмай, Фосфоршылар сарайының мәселесін назарға алғаны көпшілікті қуантып отыр. Тек бастама аяқсыз қалмаса екен деп тілейміз.
Қала әкімі жиын барысында:
– Шымкент қаласының тұрғындары жұмылуға тиіс басты мақсат – адами капиталды өсіру. Адами капиталдың маңызын пандемия тағы бір рет көрсетіп берді. Сапалы білім мен денсаулық саласы, салауатты өмір салты, мәдени-рухани даму – осылардың бәрі міне адами капиталдың басты өлшемі, – деді. Мұрат Дүйсенбекұлы білім мен тәрбиеге қатысты да біраз мәселені ортаға салды.
– Білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасына қатысты жоғары талап қойылып отыр. Барлық директорларды адал жұмыс істеуге, білім сапасын арттырып, болашақ үшін қызмет етуге шақырамын. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы суицидті зерттеген Халықаралық ЮНИСЕФ қоры Қазақстанда ата-аналар балаларымен күніне тек 15 минут қана сөйлесетінін анықтапты. Ата-аналардан балаларымыздың білімі мен тәрбиесіне күніне кемінде бір сағат уақыт бөлуді өтінемін, – деді қала басшысы.