Қыз зорлаған қос дөкейге қатысты сот үкімі шықты
Алматыда қыз зорлаған экс-прокурор мен экс-банкирге қатысты сот үкімі шықты. Екеуара сөз байланысып, қызға қорлық көрсеткен дөкейлер енді 8 жыл түрмеде отырады. Бұл туралы КТК хабарлады. Жәбірленушіге әрқайсысы 1 жарым миллион теңгеден шығын өтейді.
Жантүршігерлік қылмыс алдыңғы жылы Алматыда пәтерде болған. Бұған дейін күдіктілердің бірі – Алматы қалалық прокуратурасында, ал екіншісі банктің басшы болып жұмыс істеген. Екеуі алдыңғы жылы топтасып қыз зорлаған. Содан бері 1 жыл 3 ай өткенде ғана сот үкімі енді шығып отыр.
Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Теміржан Құдабаев: «Қанат Әлімқұлды ҚР ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігі, 121-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтесін», – деп үкімді оқыды.
Экс-прокурорды да, экс-банкирді де сот 8 жылға кесті. Қызға әрқайсысы 1 жарым миллион теңгеден төлеуі тиіс. Жантүршігерлік қылмыс «Аэлита» тұрғын үй кешенінде болған. Тергеу мәліметінше, ішімдікке сылқия тойған банкир экс-прокурор досымен бірге өзінің жүріп жүрген қызын зорлаған.
Жәбірленушінің айтуынша, 38 және 40 жастағы күдіктілер түнімен топтасып зорлап, соққыға жыққан.
40 жастағы экс-прокурор ажырасқан, ал 38 жастағы экс-банкирдің кәмелетке толмаған баласы бар. Қыз зорлап, 8 жылға сотталған екеуі енді жазасын орташа тәртіптегі түрмеде бірге өтейтін болды.