«Бірақ, амал қанша» - Роза Рымбаева
Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаев гонорары мен зейнетақысы жайлы айтып берді. Сонымен қатар, жиған мүлкі жайлы және күнделікті өмірін қалай өтетінін ресейлік "Собеседник" басылымына берген сұхбатында айтып берді.
Розы Қуанышқызының сөзінше, оның гонорары бірінші эшелондағы ресейлік және еуропалық жұлдыздармен салыстыруға келмейді.
- Әйтпесе көп уақытымды ақша табуға емес, бала мен шәкірт тәрбиелеуге, шығармашылыққа жұмсар едім. Бірақ, амал қанша, көп жұмыс істеуге тура келеді. Ақша тек тұрмыс-тіршілікке ғана емес, сахналық киімдерге, музыканттар мен дайындық залын жалға алуға керек, - дейді әнші.
Сондай-ақ, өнер иесі өзінде қымбат яхта мен зәулім үйлер, лимузиндер жоқ екенін ашық айтты. Әнші тек бірнеше жыл бұрын жүргізуші куәлігін алып, шағын джип сатып алғанын атап өтті. Ал, оған дейін такси қызметіне немесе таныстарына жүгінген. Әнші зейнетақысы 200 доллар екенін, одан бөлек, атағына байланысты қосымша үстеме ақы алатынын да жеткізді.
Роза Қуанышқызы Қазақстанның Еңбек Ері, Алматының Құрметті азаматы, ШҚО-ның Құрметті азаматы атағына ие. ҚазКСР еңбек сіңірген әртісінің одан бөлек те көптеген медалі мен ордені бар. Халық әртісі шенеуніктермен жиі кездесіп тұрады.
- Президентпен, министрлермен шай ішпеймін, бірақ үнемі кездесіп тұрамын. Себебі, үлкен үкіметтік концерттерге қатысамын. Мені сыйлайды деп ойлаймын, - дейді ол.
Одан бөлек, әнші әр күні қалай өтетінін де айтып берді.
- Ерте сағат жетіде тұрамын. Үймен, бала-шағамен, шығармашылықпен айналысамын. Студияда жұмыс, ән айту, түсірілімдер бар және Өнер академиясында сабақ беремін. Жұмысым түн ортасына қарай аяқталады. Әрине, шаршаймын, бірақ бұл маған өз қалпымды сақтауға мүмкіндік береді, - дейді Роза Қуанышқызы.
Халық әртісі үй қызметкерінің көмегіне жүгінбейтінін де атап өтті.
- Басқа біреу үйімде жұмыс істегенін қаламаймын. Тамақты да өзім істеймін, үйді де өзім жинаймын, қажет болса жөндеймін. Менің қолым тек микрофон ұстауға арналмаған. Сондықтан, әдемі маникюр тек өнер көрсететін кезде ғана болады, - дейді ол.