Асхат Садырбай вакцинацияға байланысты маңызды мәлімдеме жасады
Отандық белгілі журналист Асхат Садырбай пандемияға байланысты түрлі болжамдар жасап, жалған ақпарат таратушы топтарды өткір сынға алды, деп хабарлайды Oinet.kz. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Ковид жұқтырғандар санының қайта көбеюі, ақпаннан басталатын вакцинация, наурызда өрши түседі деген болжамдар қоғамда уайым туғызатыны рас. Осындай сәтті пайдаланып әртүрлі жалған ақпарат таратындар қайта іске кіріскен сияқты. Ойбай дәрілерді тығып қойып жатыр екен, қайтадан дәрі тапшылығы болады екен, вакцинадан құлап қапты және т.с.с. өтірік әңгімелерге негізделген аудиолар уатсап мессенджерлерге тарай бастапты.
Әрбір ақпаратты тексеріп алуды үйренсек екен, бірден тарата жөнелмей келген хабарламаны.
Президент кеше ғана вакцинацияға қатысты ең маңызды мәселені мәлімдеді ғой.
Өзі ақпанда салынатын вакцина болса оны кімдерге күштеп салғызып, құлатып жатыр екен? Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу керек. Былтыр жазда да көп адам ең қажет дәрілерді пашкілеп сатып алғанын естідік. Соның кесірінен қаншама адам дәрі таппай қиналды. Ойланайық! - дейді Асхат Садырбай.