«Cәке» сериалындағы өте адал шенеуніктің образын Тасмағамбетовке қарап жасапты
OINET.KZ - Ютуб желісінде "Сәке" веб-сериалы жүріп жатыр. Сериалда Алматы қаласындағы бір ауданды басқаратын әкімнің өмірі суреттеледі. Жемқор, тоғышар әкім уақыт өте адал бола бастайды. Оның адал болуына себепкер жандардың бірі - Азамат есімді орынбасары. Азамат өте адал, қатып қалған принциптің адамы. Себебі қанша жыл әкімнің орынбасары болып қызмет атқарса да көлік, пәтер сатып алмайды. Есепшотында артық ақша жоқ. Ол жалғыз жалақымен өмір сүреді.
"Сәке сериалының идея авторы және басты рөлді сомдаушы Рүстем Омаров отандық Ютуб арналарға берген сұхбатында аталған сериалды түсіруге не себепкер болғанын айтады.
- Қоғамдағы күнде көріп жүрген жайттар осы сериалды түсіруге әсер етті. "Сәке"-дегі жемқор әкім образын осыдан 3 жыл бұрын ауыл әкіміне қарап жасадым. Қала әкімдері журналистерден, блогерлерден қорқады. Камера бар дегендей. Ал мен көрген ауыл әкімі өте "наглый" екен. Ауылдық әкімдікті өзінің үйі қылып алған. Үй аяқ киімі бар. Тіс щеткасы сонда. Сол ауыл әкімін көріп халық үшін алаңдадым.
Ал өте әділ замәкімнің образын Иманғали Тасмағамбетовтен алдым. Қалай жүреді, қалай сөйлейді! Иманғали Нұрғалиұлының кейбір сөйлеген сөздерін алып сериал кейіпкерінің аузына салдық, - деді Рүстем Омаров.
Еске сала кетейік, Иманғали Тасмағамбетов қазір зейнетте. Ол ұзақ жылдар Алматы қаласының әкімі, премьер-министр, облыс әкімі, министр сынды ірі қызметтерді абыроймен атқарды.