Тоңазытқышта өлген сәби: Атырауда перзентхана дәрігерлеріне сот үкімі шықты
Бүгін Атырау соты облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне жаңа туған нәрестені қасақана өлтірді деген айыппен үкім шығарды.
«Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен кінәлі деп танылған облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев - 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 3,7,14-тармақтарымен айып тағылды. Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаеваның үш жылға бас бостандығы шектелді. Олар қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотталды» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырау дәрігерлері нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінген еді.
Дереккөз: Қазақпарат