«Балаларды ата-анасына қарсы қоймақшы» - Мұхамеджан Тазабеков заң жобасы туралы

Oinet.kz 19-01-2021 1406

Белгілі айтыскер, "Асыл арна" телеарнасының негізін салушы Мұхамеджан Тазабек "Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы" заң жобасына қарсы пікірін білдірді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Мұхамеджан Тазабек.jpg

- “Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы” заң жобасы талқылану үстінде. Әуелгі оқылымы мақұлданып та үлгерген. Кәсіби заңгерлердің жіті түсіндіруінің арқасында, заң жобасының өн бойындағы қаншама жасырынған жаулық пиғылдарды байқап жатырмыз. Ия, қоғамда зорлыққа ұшыраған әйел, қорлыққа ұшыраған бала жоқ емес. Оны біз де айыптаймыз. Айыптамақ түгілі, себебімен күресіп, қоғамды мейірімге шақырудан шаршаған емеспіз. Бірақ, ондай жағдай қай елде жоқ. Қазір қазақ қана емес, адамзат азғындықтың құрбанына айналуда. Технологияның артына жасырынып тексіздік келді, ақпараттың артына тығылып бетсіздік келді. Бұрын ата-әжелеріміз: “Ысқырма, шайтан шақырасың”, деп, немесе малға шабатын жыртқыштың да атын атамай “ит-құс” деп тұспалдап сөйлеуге үйрететін. Ал, қазір “ит-құс” деп астарламақ түгілі бүкіл арсыздықты алақанға ашық-шашық әкеліп қойдық. Түймесін бас та көре бер...

Әлемнің қожайындары әлімжеттік жасап жатыр. Балаға ұятты үйретейік десең, “жоқ, жыныстық сауаттылықты үйретейік” дейді...

Еркекті әділ асыраушы, арқа сүйер тұлға ғып тәрбиелейік десең, “жоқ, әйел өз күнін өзі көрсін, еркектен еш кемдігі жоқ” дейді...

Енді кеп, ел ішінде кейбір келеңсіздіктерді алға тартып, солардың бодауына бүкіл ұлттың мың жылдық қарым-қатынас қасиеттерін, дәстүрлі, отбасылық байланыс моделдерін құрбандыққа шалмақшы... Қазақ: “Балаңды аясаң аяма” дейді. Ол деген ұр, соқ, қорла деген сөз емес. Ұл-қыздарымызды ұрмайық, соқпайық, аялап, ардақтап өсірейік. Бірақ оның тағдырын, қалауын батыстың стандартына байлап бермейікші. Өз ұрпағымызды өзіміз заманға сай, бабалар менталитетін мансұқтамай-ақ тәрбиелейікші...

Онсыз да бір халық үш тілде сөйлеп, сапамыз кетіп, сақамыз мүжіліп тұрғанда, ұлығың ұры, зиялың залым, шаруаң шәлкес боп тұрған заманда, енді кеп, әрең дегенде әупіріммен тұрған отбасындағы қарым-қатынасымыз ойрандалмасыншы. Зорлықшылдардың өзімен күресейік, ештеңе ойында жоқ ессіз балалардың эмоциясын ата-анасына қарсы қоймайықшы. Жамбыл да Жападан сөз естіген, Абай да Құнанбайдың қабағынан сескенген. Бір сұмды жазалаймыз деп, он ұлды бұзып алмайықшы... “Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді” деп бекер айтылған жоқ қой. Сондықтан ағайын, ел болып естияр сөз айтып, сайлаушылар атынан заңды түрде талап етпесек, тағы да бір үлкен опық жеуіміз мүмкін. Ант берген кезде екі ауыз сөздің өзін парықтай алмай тұрған депутаттар, бұл заңның ақ-қарасын ажыратпай өткізіп жіберуі де әбден мүмкін... Кәрі құрлық Еуропа да ертеде отбасылық құндылықтарды ардақтап, бес-алтыдан бала тауып, өзара мейірім-махаббатта ғұмыр кешкен. Кейіннен нәпсі қалауын алға шығарғандар мен эгоисттік мақсаты басым түскендер әр түрлі сылтауға сынық іздеп, адамзат жаратылысына қарсы заңдарды ойлап шығарды. Соның арқасында демография күрт түсіп, ата-ана мен бала-шаға бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп өмір сүре алмайтын жағдайға жетті. Содан бастау алған құбылыстар құбыжықтанып, еркекпен еркек, қыз бен әйел көңіл қосатын хәлге жетті... Онсыз да ұлдарымыздан намыс кетіп, қыздарымыздан ұят жоғалып бара жатқанда, мына заң қабылданса, қатал қатігезге, туыс тас жүрекке, көрші арыз жазғыш ала ниетке айналуы мүмкін... Алладан ағайынға ынтымақ-береке, депутаттарға дегдар шешімдер, атқарушы билікке ынсап пен әділдік тілеймін.

“Мәсінің қонышындай тар заманда, кебежедей көңілін кең сақтаған” ҚАЗАҚ боп қалайықшы, ағайын! - деді Мұхамеджан Тазабеков. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram


Публикация от Muhamedjan Tazabek (@mukhamedzhan_tazabek)

Қазақстан бойынша 19 санитарлық бекет қойылды
​Шымкент: «Нишалық жобалар» бағдарламасы аясында 25 жаңа кәсіпорын ашылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу