Үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті

Oinet.kz 04-12-2020 1027

Кәсіподақ отырысы.jpg

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың төрағалығымен әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына "Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов, Жұмыс берушілер конфедерациясының төрағасы Александр Суворов, «Қызмет» мемлекеттік мекемелер, банк жүйелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіптік одақтары» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы С.Әуесханов, "YNTYMAQ" салалық кәсіподақ орта және шағын бизнес саласы жұмыскерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Әлтеев, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков қатысты.

Жиын барысында қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов баяндама жасап, жалақы қарызы анықталған және жазатайым оқиғалар орын алған мекеме басшылары тыңдалды.

Күн тәртібінде Шымкент қаласының кәсіпорындарында қордаланған жалақы қарыздары, қала аумағындағы 2020 жылдың 11 айында орын алған өндірістегі жазатайым жағдайлар, «Халықтық бақылау» жобасын ірі өндірістік кәсіпорындарға енгізу және қала аумағында «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын іске асыру жайы талқыланды. 

Өсім бойынша жыл басынан бері 11-айда жалпы 8 кәсіпорында 74 жұмыскерге 14 млн. 104 мың теңге жалақыдан қарыз болып, онымен Үшжақты комиссия жұмыс жасап, нәтижесінде 3 кәсіпорын толығымен және 1 кәсіпорын ішінара жалпы 40 жұмыскер алдындағы жалақы қарызының 11 млн. 364 мың теңгесін төлеп, жалақы қарызын өтеді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда қалада 5 кәсіпорында 34 жұмыскерлер алдында 2 млн. 740 мың теңге жалақы қарызы қалып отыр. 

Өткен жылдан өтпелі 4 кәсіпорын 2 млн. 500 мың теңге қарыз: 

- «Күзет Химмонтаж» ЖШС - 10 жұмыскерге 200 мың теңге; 

- «SAUDAINVEST» ЖШС - 5 жұмыскерге 500 мың теңге. 

- «Euromed Center» ЖШС - 14  жұмыскерге 1 млн. 500 мың теңге; 

- «Heart Clinic»  ЖШС - 4 жұмыскерге 300 мың теңге; 

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қосымша жалақыдан 1 кәсіпорын 1 жұмыскерге 240 мың теңге қарыз болған:

- «Дархан Group»  ЖШС - 1 жұмыскерге 240 мың теңге. 

2020 жылдың 11-айында кәсіпорындарда 39 жазатайым оқиға орын алып, оның салдарынан 45 адам зардап шеккен, оның ішінде қайтыс болғаны – 7 адам, ауыр жарақат алғаны – 15 адам, жеңіл жарақат алғаны –  23 адам. Оның ішінде, топтық жазатайым оқиға саны – 4, одан зардап шеккені – 10 адам.

Бұл көрсеткіштер өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 3-ке, зардап шеккендер саны 2-ге, ауыр жарақат алған адам саны 1-ге, жеңіл жарақат алған  адам саны 5-ке азайса, ал қайтыс болған адам саны бірдей болып отыр.

Сондай-ақ, Кәсіподақ тарапынан «Қуатжылуорталығы» МҚК-мен "Халықтық бақылау" жобасын іске асыру бойынша келісім жұмыстары жүргізілуде.

Одан бөлек, «Vizion Zerо» (Нөлдік жарақаттану) бағдарламасы, әлеуметтік шиеленістікті, еңбек дауларын алдын алу және жалақы қарыздарын болдырмау мақсатында жұмыс берушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ірі, орта және шағын 13 мекеме www.visionzero.global сайтына тіркелген.

Олар: 1. "Химфарм" АҚ, "Шымкентмай" АҚ, "Шымкентцемент" АҚ (кәсіподақ ұйымы бар), "Рахат-Шымкент" ЖШС, "Шымкент пиво зауыты", т.б. 

"Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында ұжымдық шарттың маңыздылығын атап өтті. Жалпы ұжымдық шарттарда жұмыскерлердің мүдделері мен құқықтары, жұмыс берушінің міндеттері айқындалады. Алайда, Шымкент қаласында жалпы жасап тұрған кәсіпорынның ұжымдық шарт жасаудағы көрсеткіші небәрі 7,8 %-ды құрайды. Демек, жазатайым оқиғаның орын алуына ұжымдық шарттың жасалмауы да себеп болуы мүмкін. Ұжымдық шарт жоқ жерде еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталып отырғанын жоғарыдағы мәліметтерден-ақ байқай аласыздар. Берік Айдарбекұлы бұған қоса, коронавирус инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлеріне тиісті материалдық шығындарды сақтандыру компаниялары арқылы өтеу жолдарын қарастыруды алға тартты. 

Комиссия отырысының соңында Әл-Фараби ауданы әкімдігі және Еңбекші ауданы әкімдігіне комиссияның жұмысына белсенді атсалысқандары үшін «Алғыс хат» табысталды.

Түркістан: «Нұротандықтар» жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесін көтерді
Үкілі емші бала Ерболсын мен әнші Назиманың кездесіп жүргені рас па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу