«Адам 540-тан 850 мыңға дейін белгісіз вирусты жұқтыра алады» - Зерттеу
Биоалуантүрлілік және экожүйелік қызметтер бойынша үкіметаралық ғылыми-саясат платформасының (IPBES) ғалымдары адамзаттың экожүйелерге әсер ету қаупін атады. Олардың сөзіне қарағанда, егер өзгерістер болмаса, адам 540-тан 850 мыңға дейін белгісіз вирусты жұқтыруы мүмкін, деп хабарлайды Oinet.kz.
Биологтар, аурулар бойынша мамандар және экологтар вирустың адамдарға ықтимал қауіпті әсері туралы баяндама дайындады.
EcoHealth Альянсының президенті доктор Питер Дашактың айтуынша, COVID-19 пандемиясының себептері туралы аса бір құпия мәлімет жоқ.
- Климаттың өзгеруіне және биоәртүрліліктің жоғалуына әкелетін адамның іс-әрекеті оның қоршаған ортаға әсері арқылы пандемия қаупін тудырады. Жерді пайдалану тәсіліндегі өзгерістер, ауыл шаруашылығының кеңеюі мен күшеюі, тұрақсыз сауда, өндіріс және тұтыну тепе-теңдікті бұзады және жабайы табиғат пен адамдар арасындағы байланысты арттырады. Бұл пандемияға апаратын жол, - деді ол.
Бұл мәселені шешу үшін ғалымдар ел үкіметтеріне жабайы табиғаттың жойылуына жол бермеуге назар аударуды ұсынды. Бұл мақсаттар үшін, олардың есептеулері бойынша, жылына 31-45 млрд фунт стерлинг (17,3 - 25,2 трлн теңге) қажет болады. Олар бұл сома өте үлкен болып көрінуі мүмкін екенін, бірақ оны коронавируспен күресуге жұмсалған 12 триллион фунтпен салыстыруға келмейтінін баса айтты.
Зерттеу барысында COVID-19 антропогендік проблема екені анықталған, бұл адамның тұтынуға байланысты туындаған тамақтану әдеті мен орманды кесу арқылы биоәртүрлілікке әсер етуі салдары.
Ғалымдар адамзат болашақтағы пандемиядан қорғану үшін климаттың өзгеруіне назар аударуы керек екенін атап өтті.