А.Атамбаев: «Сооронбай сенің досың» дегенге алданып қалдым»

Oinet.kz 11-04-2019 917

атамбаев.jpg


Президент болған адам биліктен кетсе де билікке деген  ықпалынан айырылғысы келмейді. Ал Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев биліктен де кетті, билікке деген ықпалынан да айырылды. Жақын арада ол бас бостандығынан айырылған адамға айналуы да әбден мүмкін.

Экс-президент пен қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков екеуінің арасындағы текетірес күн санап ушығып барады. Мұның соңы Атамбаевты түрмеге қамап, үнін біржолата өшіруге апарып соғуы мүмкін. Атамбаевтың жақтастары да қарап қалмайды. Олар тағы бір төңкеріс жасаймыз деп билікке доқ көрсетті. Айналып келгенде бәрі елдің тыныштығын құрбандыққа қия салуға бейім.

  Атамбаевтың бұған дейін де Жээнбековтың саясатына қарсы біраз батылдау пікір білдіргені бар. 7 сәуірде 2010 жылы Бішкекте өткен оқиға кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналған реквием-шеру кезінде экс-президент тіптен қатты кетті. Ол жарты сағат бойы сөйледі, сөйлегенде бүй деді.

-Биыл мен 63-ке толамын. Мен өзімді әулиемін деп айта алмаймын. Қателестім. Адамдардың алдында айыпты болдым. Бірақ мен шынайы мұсылман ретінде әрдайым өз кінәмді мойындаймын. Алдамаймын. Өйткені халықты алдауға болады. Жұртты «бес уақыт намаз оқимын» деп алдай салуға болады, бірақ Құдайды алдай алмайсың ғой. Егер сенде күнә болса, ол туралы ашық айтуың керек. Халықтан емес, Құдайдан қорқу керек.  2005 жылы наурыз төңкерісін Бакиев ұрлап кетті, ал қазіргі билік сәуір төңкерісінің жемісін ұрлап жатыр. Мен осы үшін алаңдаймын, - деді Атамбаев. 

Атамбаев қазіргі биліктің адамдарды жазықсыз түрмеге тоғытып жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Түптің түбінде бұғаудың өзінің мойынына түсуі мүмкін екендігін де ескертті.

-Мені де отырғызуға тырысып жатыр. Мені атып тастағаны дұрыс, мен өзімді құрбандыққа беруге дайынмын, тек халқымның қаны төгілмесе екен. Мен алданып қалдым, оны мойындаймын. Айналаңдағыңның бәрі «Сооронбай сенің досың» десе, қалай алданбайсың? Конституцияда президенттің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екені жазылған. Бірақ қазіргі президент керісінше құқықты шектейді. Тыныштық ең маңызды құндылық. Бірақ билік қара халыққа қарсы осылайша күштік құрылымдарды айтақтата берсе, онда бәрі басқаша аяқталады. Наурыз оқиғасынан кейін милиционерлер униформаны киюден қалай қорыққанын еске түсіріңіздер. Халықтың ашулануы қауіпті және оны тоқтатуға болмайды. Және бұл үшін сізге айтамын: тоқтаңыз... Мен Жээнбековке жеткізгім келеді - тоқта, тоқтат мұныңды.  Егер мен оны айтпасам, онда кім айтады? Егер мен шықпасам, кім шығады? Егер қажет болса, бір күні мен таяқ алып, жалғыз өзім-ақ "Ақ үйге" барамын. Егер олар әрі қарай жалғастыратын болса. Мен тек бір нәрседен қорқамын: егер біреудің қаны төгілетін болса, онда бәрі «осы Жээнбековті әкелген Атамбаев» деп айтады. Мен осы үшін уайымдаймын. Сол себепті мен оған бірінші болып қарсы тұрамын. Олар Атамбаевты қашып кетеді деп үміттенеді, жоқ, менің аузымды жабудың жалғыз жолы - өлтіру. Мен түрмеде үнсіз болмаймын. Мен Құдай алдында және халық алдында таза болдым, қашуға еш себеп жоқ. Бұл - менің Отаным! Мен - Ақаев пен Бакиев басқарған кезеңдерді көрдім. Қантөгісті және революция жасаудың керегі жоқ. Бұдан қаскөйлер ғана пайда көреді. Халыққа бейбітшілік пен тыныштық қажет, - деді Атамбаев шеруде. Жиында Атамбаевтың жақтасраы егер билік қуғын-сүргінді тоқтатпаса, онда жақында митинг өткізетіндерін жария етті. Яғни, Қырғызстанда тағы бір төңкеріс туып кету қаупі бар деген сөз. 

-Менің құдай алдында арым таза,-деді Атамбаев дүйсенбіде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының съезінде. Экс-президент жуырда Парламенттің өзін экс-президенттік тиіспеушілік құқығынан айыру жөнінде заң жобасын қабылдағанына түсінік берді.  Оның ойынша, билік енді қолдан келгеннің бәрін істейді. Осы уақытқа дейін түрмеге қамалғандарды қарсы қояды. Қылмыстық іс қозғайды.

-Қажет болса қозғай берсін. Мен сатқындардың қатарында емеспін. Қазір өз-өзіне сенетіндерге қарсы күрес жүріп жатыр,- деді Атамбаев.

Келесі жылы Қырғызстанда Парламент сайлауы өтеді. Осы науқанның қарсаңында биліктің паритиясы екіге жарылды. Қырғызстанда тағы бір социал-демократиялық партия құрылды. Оның көшбасшылығына Сағынбек Абдырахманов сайланды. Төраға сонымен бірге «Атамбаевсыз ҚСДП» қозғалысын басқаратын болады.

WhatsApp Image 2019-03-29 at 10.53.33.jpeg

Тоқаев тағайындалған президент...
Дипломаттар президент сайлауына түсе алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу