Таңғажайып Түлкібас түрленуде
Түлкібас десе есімізге бірден жасыл алқапты аймақтың оралатыны бар. Зау-заңғар шыңдар мен тау етегінде жайқала өскен гүлдері мен баулары ерекше есте қалады. Бұл көрініс тап бір еңбекқор халықтың кейпінен хабар беретіндей. Расында, шағын даланы егістік алқабына айналдырып отырған шаруалардың тынымсыз тіршілігіне таңдай қағып қарамасқа болмас. Асын адал еңбек, маңдай терімен тауып отырған диқандар көп. Көзіміз де жетті. Күн ырысын егістік даласында деп білетін шаруаларды таң азанымен жасыл алқаптан таптық. Біз келген жер «Ерсары» шаруа қожалығы-тын.
Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылында орналасқан «Ерсары» шаруа қожалығының жалпы аумағы5 гектар жерді құрайды. Бірінші өнім ретінде ерте көктемде 2 гектар жерге қияр, ал қалған 3 гектарына ақ желкен егіп, бүгінде оның жемісін көріп отыр. Атап айтар болсақ, бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, ал картоптан 75 тонна өнім алып, сарымсақтың келісін 550 теңгеден, картоптың келісін 110 теңгеден өткізген. Шаруа қожалық егесінің айтуынша Сайрам, Түлкібас аудандарынан келіп түсетін тапсырыстар көлемі біршама ұлғайған.
- Екі мәрте өнім ектік. Соңынан қияр өнімдерін сатып, аяқ жағы жақындап қалды. Екінші егілген қиярды егіс алқабынан 100-110 теңгеден, ал, ақ желкеннің бір бумасын 100 теңгеден өткіздік.. Картоптан 30 тонна алдық. Қиярдан 40-50 тоннадай алдық. Шаруа қожалығы 1993 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Бүгінде,15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз – дейді «Ерсары» шаруа қожалығының басшысы Сабыржан Төлепбергенов.
Бұдан бөлек, аудан аумағында 155 шаруа қожалықтары көктем мезгілінде 266 гектар жерге бірінші өнімі ретінде көкөніс, бұршақ дақылдары мен картоп егіп 610 тонна өнім алған. Бүгінде, бірнеше қожалықтар егістікке еккен екінші өнімдерін жинауда.
Сонымен қатар, құлашын кеңге жайып, мөл өнім беріп жатқан егістік даласын сумен қамтамасыз ету жүйесі де тиімді жолға қойылуда. 2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылмақ.
- Жалпы, Түлкібас ауданына қарасты 520 шақырымды құрайтын 111 су нысандары бар. Жоспар бойынша соның ішіндегі 13 каналды темір бетондармен қаптау жұмыстары қолға алынған. 13 каналдың ішінен жылдың соңына дейін 8 каналға құрылыс жасап, аяқтауды жоспарлап отырмыз. Егер осы жоба толық көлемінде атқарылса 4 мың гектар жер қайта айналымға қосылады. Қазіргі таңда Боз каналына жұмыстар жүргізіліп жатыр. Боз каналының жалпы ұзындығы 9 мың 800 метр. Оған 309 млн. қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін толықтай аяқталу жоспарланып отыр. Келесі жылға 21 каналды темір бетонмен қаптау жұмыстарын қолға алып отырмыз – дейді «Қазсушар» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалының Түлкібас өндірістік бөлімшесінің аға инженері Қуандық Өмірәлиев.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін 69,1 шақырымды құрайтын «Құлый», «Танта», «Қызыл», «Боз», «Ұзын», «Бесқасқа», «Бала Құлан» сынды магистралды каналдар 5064 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді сумен қамтамасыз етуді көздеп отырғандықтарын жеткізді. Алдағы уақытта, тіршіліктің бастауы, негізі саналатын су мәселесі шешімін тауып, шаруалардың еңбегінің рәтті болуына ықпалын тигізеріне сенеміз.
Тамылжыған табиғаты, мөлдір суы, тынық ауасымен ерекшеленетін аймақтың тағы бір айрықша тұсы – дәмді алмасында. Түлкібастың бренді саналатын, жұпары аңқыған алма жемісі туралы айта кетпесек жарамас. Ендігі кезекте әңгіме ауанын кілең Еуропалық сорттарды шығаратын алма бауының тіршілігіне бұрсақ.
«Кентау» ЖШС Түлкібас өңірінде 2013 жылдан бастап қарқынды алма бауын өсірумен айналысып келеді. Жалпы көлемі 231 гектарды құрайтын шаруашылықта алманың 20 түрі өсіріледі. Олар, Гала, Фуджи, Голден делишес, Стар Кримсон, Легалина және Айдарет. Алма көшеттерін сонау Италия, Польша, Түркия сынды мемелекеттерден алатын аталмыш мекеме, алдағы уақытта өнім көлемін екі жарым мың тоннадан асыруды көздеп отыр.
- Бүгінде, алма баудың жалпы көлемі 190 гектар жерге жетті. Қазіргі таңда, жаздық алма Галаны жинап болдық. Әрі қарай, қыстық алмаларды жинау процесін жүргізіп жатырмыз. Қойманың сыйымдылығы 2050 тонна.«Maf roda» Француз компаниясының сорттау сұрыптау технологиясымен жұмыс істеудеміз.Ол сағатына 6 тоннаға дейін алманы колибріне, түріне қарап сұрыптап, сорттап береді. Ол бір мезетте 10 түрін бөліп шығаруға қабілетті. Негізгі алма өнімдерін әзірге Қазақстан өңірлеріне сатып жатырмыз. Келешекте шет елдерге шығуға ниеттіміз. Бізге Италия, Түркия Польшадан агрономдар, консультанттар келіп тәжірибе алмасуда. Арнайы өзіміздің оқу орталығымыз ашылған. Ол жерде осы ауылдан келген азаматтарды оқытып, үйретіп, қалай жұмыс жасау керектігін көрсетеміз. Жалпы, маусымдық уақытта 160-200-ге дейін адам осы жерде жұмыс жасайды – дейді Кентау ЖШС өндірістік директоры Құрманбеков Бақыт.
Алдағы уақытта, түлкібастықтар алма бауының көлемін ұлғайтып, Түлкібас алмасын қайтадан брендке айналдырып, еліміз бен алыс-жақын шетелдерге шығаруды қолға алып отыр.
- Қазіргі таңда 2,5 мың гектар алма бауымыз бар. 2020-2025 Алма бау көлемін ұлғайту деген бағдарламаға сәйкес тағы да 800 гектар қосып, 3300 гектар шамасына көтерсек деген жоспарымыз бар. Дайын өнімдерді аудан көлемінде 900 тоннаны құрайтын 6 жеміс-жидек сақтайтын қойма бар. Сол жерде сақталады. Сосын еліміздің барлық өңіріне, оның ішінде әсіресе Солтүстік өңірлерге, Ресей мемлекетіне шығып жатыр. Алма өсірумен айналысатын 30-35 шаруашылықтай бар. Осы уақытқа дейін алманың апорт сортына көп көңіл бөлініп келді. Түпкі мақсатымыз кезінде аты шыққан Түлкібастың алмасы, оның ішінде апорт сортын қайтадан Түлкібас ауданының брендіне айналдыру. Сол бағытта жұмыстар атқарылып жатыр – дейді Түлкібас аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай Төлепбергенов.
Түлкібастың ерекше брендіне айналған алманың әсерімен келесі аялдамаға бет алдық. Буы көтеріліп, әрлі-берлі теңселген тауға назар салып келеміз. Көлік қозғалған сайын ол да көзге ерекше әсер беруде. Осылайша тау етегінде орналасқан «Таң Нұры» саумалмен емдеу орталығына келіп жеттік. Расымен, таңғажайыбы таусылмайтын екінші Швейцария бізді сапалы инфрақұрылымға алып келді. Расында, сапалы инфрақұрылым адамдардың да санын арттырары сөзсіз. 84 адамға лайықталып жасалған демалыс орнында тынығушылар үшін бар жағдай жасалған.
- Келгенімізге 5 күн болды. Барлығы жақсы. Ем-дом алып жатырмыз. Магнит, парафин, су процедураларын қабылдаудамыз. Ем қабылдағаннан кейін біраз жақсарып қалдық. Тіпті, бұл жердің ауасы да ерекше әсер беріп жатыр. Өзіміз Ақсукенттен боламыз. Телеарна арқылы жарнамадан көріп осында тынығуға келдік - дейді емделуші Камилов Мамыржан.
Ал, мекеме басшысының айтуынша алдағы уақытта демалыс орнын 170 адамға лайықтау жоспарланып отырған көрінеді.
- Бұл жердің ауасы тыныс алу органдарына өте жақсы. Қазір таралып жатқан қауіпті індеттен сақтасын деп саумал алдыртып жатырмыз. Барып ішіп жатқандар да бар. Қазіргі таңда 48 адам демалып жатыр. Сайрам, Қызылорда, Созақтан, тіпті Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан да келіп жатыр. Қазіргі таңда, мұнда 32 адам жұмыс істейді – дейді Нұржігіт Қалмырзаев Таң Нұры шипажайының бас директоры.
«Таң нұры» шипажайы Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» қорығының етегінде орналасқан демалыс орны. Алыс шетелдегі азаматтарды магнитше тартып отырған аймақтың бір ерекшелігі суында. Әулие су аталатын бұлақ суының адам ағзасына берер пайдасы молынан. 3 мың метр тереңдіктен шығып жатқан су – өкпе тыныс жолдары, ас қорыту жүйесі, қант диабеті мен қан қысымы ауруларынан 90% емдеуге қабілеті бар көрінеді. Бүгінде шетел азаматтарын көзсіз қызықтырып отырған «Таң нұры» шипажайы алдағы уақытта орын санын көбейтпек ниетте.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданына жасаған сапар барысында құр жүрген адамды кезіктірмедік. Бірі егістік даласында еңбектенсе, енді бірі алма бауына асығады. Екіншілері, құрылыс саймандарын серік етсе, өзгелерінен техниканың құлағында ойнайтындығын анық аңғаруға болады. «Кәсіп түбі - нәсіп» дегендей, қолдан келген ісін үлкен жобаға айналдырып, қайтарымсыз несиенің шарапатын көріп отырған азаматтар да жетерлік. Соның бірі, механика маманы Икрам Аброржан.
- «Атамекен» мектебіне келіп оқуға түсіп, кәсіпкерлікке сертификат алдым. Олардан 505 мың алып, Launch pro диагностика алып, осы аппаратпен жұмыс істеп жатырмын. Негізгі мамандығым автоэлектрик. Күнделікті оншақты адам келіп көліктерін жөндетеді. Бүгінде, екі шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Олар осы жерден үйреніп жүр. Ал, бұл кәсіпті 2018 жылы ашқан болатынмын. Қазіргі таңда, орташа айлық табысым 200 мыңды құрайды - дейді Икрам Аброржан.
Жалпы, жыл басынан бері 210 адамға көлемі 120 миллионды құрайтын 555 мың қайтарымсыз несие берілген. Халықты жұмыспен қамту орталығының директорының айтуынша олардың басым көпшілігі тамшылатып суару әдісі, екінші бөлігі, сауынды ешкі жобалары, қалғандары мал шаруашылығы саласы бойынша қорғап, ұтып алған.
- Былтырғы жылы 340 адамға дәл осы мақсатта 505 мың ақша берілген. Былтыр «Бастау бизнес» оқыған жастарымыз әртүрлі сала бойынша алды. Грант ұтып алған адамдар 3 ай мерзім ішінде өз жобалары бойынша жұмыстарын жасауы керек. 3 айдан кейін оларға тексеріс жұмыстары жүргізіледі - дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ибраимов Әскербек.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» 2020-2021 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде үш білім мекемесі күрделі жөндеуден өткізілген. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған мектептерде бүгінде жөндеу жұмыстары 100% аяқталып отыр. Олар А. Байтұрсынов, Г. Титов және М. Ломоносов атындағы білім мекемелері. Соның ішінде, 50 жылдық тарихы бар М. Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясына айрықша тоқталуды жөн көрдік.
- Негізі мектеп құрылысы 1970 жылы қаланған. Биыл мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сыртқы, ішкі қабырғалардың барлығы толығымен жаңартылды. Едендер өзгертіліп, жарық, су мәселелері толықтай қамтылды. Мұнда 1585 оқушы оқиды және 75 бүлдіршін мектепалды дайындықта. Мұғалім саны 136 - дейді Оспанбек Сапарғали Ломоносов мектеп-гимназиясының директоры.
Іші-сырты толықтай күрделі жөндеуден өткен ғимарат жаңа оқу жылына сақадай сай тұр.
- Жол картасы «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн ақша бөлінген. Жалпы, ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары толығымен, 2400 квадрат ағаш еден ауысты. Электр жүйесі толығымен ауысты. Барлық кабинетке су жылытқыш қондырғыларымен орнатылды. Кәріз жүйесі толығымен жүргізілді және де өрт дабыл қаққыштары орнатылды. Мектеп 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен - дейді аудандық білім бөлімінің ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарының жауапты маманы Сұлтанмұрат Рақымбайұлы.
Үш ай демалыста білім алып отырған ордасын сағынған шәкірттер үшін жаңа мекеме – жаңа оқу жылында ерекше лебіз алып келгені сөзсіз. Ал, бұдан бөлек аудан тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық жыл сайын жаңа серпінімен, жағымды жаңалығымен қуантатын «Шамшырақ» Түлкібас қоғамдық-саяси газетінің жанынан ашылған заманауи ғимарат. Мұнда аудан тұрғындары оқуға, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарын тапсырыс арқылы қол жеткізе алады. Аудан әкімі Н. Байғұттың бастамасымен, демеушілер есебінен салынған ғимарат түрлі кеңсе заттары блокноттар, папкалар, кітапшалар, күнтізбеліктер мен стенділер шығаратын болады.
- «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің баспаханасы жаңа ғимаратпен, жаңа баспаханамен толықты. Баспахана аудан әкімдігінің, Мархабат Байғұттың тікелей ықпалымен, демеушілер есебінен соғылып осындай аппараттармен қамтамасыз етілді. Біз газет-журналдан басқа кеңсе заттарын, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерді қамтамасыз етіп отырмыз - дейді «Шамшырақ» аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Марат Қалтаев.
«Шамшырақ» аудандық қоғамдық-саяси газеті жанына ашылған заманауи ғимарат алдағы уақытта жұмысын жандандыра түспек.
Бүгінде, төрт тарапын тау бөктері қоршай жатқан табиғаты таңғажайып Түлкібас көркеюде. Жылдан жылға бастамашыл, игі істерімен келе жатқан аудан әлі де жандана түспек. «Екінші Швейцария» аталған аймақ, алдағы уақытта расымен де Швейцарияға айналары сөзсіз!..
Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ