Асхат Аймағамбетов алғаш рет өзінің отбасы жайлы айтты

Oinet.kz 13-09-2020 11759

Бірнеше жылдан бері елімізде қыркүйек айының әр екінші жексенбісі Отбасы күні атап өтілуде. Осы мерекеге орай Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Facebook парақшасында өз отбасы жайлы жазба жариялап, отандастарымызды мерекемен құттықтады.

Screenshot_3.jpg

 Әдетте жеке өмірім туралы айтпайтынмын, бірақ бүгін жазуды ұйғардым.

Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім: менен бөлек отбасымызда тағы бес бала бар. Әкем 6 жасымда қайтыс болды, кейін анамызға барлық ауыртпашылықты еңсеруге тура келді. Сол кезде анам 40 жасқа да толмаған еді, бірақ маған жасы келген кісі сияқты көрінетін. Оны өзің сол жаста болғанда ғана жақсы түсінеді екенсің.

Одан кейін қиын кезең,  90-жылдар басталды. Анамызға өте қиын болғанын білемін. Ауылда тұрдық, анамыз жұмыстан бөлек бізбен, шаруашылықпен айналысты.

Бір-бірімізге көмектестік. Су тасыдық, шаруашылыққа араласып, малға шөп дайындадық, пеш жақтық. Үйдегі ересектер артынан ерген бауырларына үйретті, ал кішілер үлкендерге көмектесті. Бұл қиын кезеңнің маған үйреткені мол, әсіресе жақындарымның, отбасымның қаншалықты қымбат екенін ұғындырды.

Мен – екі баланың әкесімін. Жұмыстан кейін балаларың мен жарың үйде қарсы алғанда барлық қиындықты ұмытасың. Әңгімелесіп, балалармен бірге ойнағаннан шаршағаның басылады, рақаттанып қаласың.

Жігерлендіріп, күш-қайрат беретін де – отбасым.

Жақындарымызды бағалайық.

“Отан отбасынан басталады” дейді дана халқымыз. Әр отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлдене береді.

Мереке құтты болсын, достар!

Барлығыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!- деп құттықтады.

Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні болып бекітілген болатын.

Ақтөбеде анасы мен баласы суицид жасады
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу