Түркістан облысында басқарма басшысы 7 жылға сотталды
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы лауазымын атқарған Н. Исабек пен осы басқарманың жалпы бөлімінің басшысы қызметін атқарған Д.Абдуллаева пара алды айып бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандықтарынан айрылды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Фотода Нұрдәулет Исабек
Түркістан қалалық сотының шығарған үкіміне қарағанда, пара алуға қатысты оқиға осыдан бір жыл бұрын - 2019 жылдың маусым айында басталған. Түркістан облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры өзінің бос тұрған орынбасарының орнына мекемедегі кадр бөлімінің басшысын тағайындау туралы ұсыныс айтып, басқармадағы бөлім басшысы Абдуллаеваға жолыққан. Абдуллаева орынбасарлық қызметке тағайындау үшін басқарма басшысы Н.Исабекке 500 мың теңге пара беру қажеттігін білдіреді. Орынбасарлыққа үміткер азаматша бұл қаражатты тауып, директор арқылы Абдуллаеваға берген. Маусым айының соңында Абдуллаева басқарма басшысының бөлмесіне кіріп, мән-жайды хабарлайды. Алайда басшы Исабек мұндай қызметке тағайындау үшін 500 мың теңгенің аздығын айтып, одан 2 мың доллар талап етуді тапсырған. Осыдан кейін Абдуллаева директорға хабарласып, берген ақшаның үстіне қосымша 250 мың теңге беру қажеттігін мәлім еткен. Үміткер азаматша қарыз алып, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, 250 мың теңгені директор арқылы Абдуллаеваға жеткізген. Осыдан кейін бөлім басшысы мәселенің шешілетінін білдірген.
Тамыз айында Абдуллаева директорға қоңырау шалып, үміткер мен директорды Исабектің шақырып жатқанын хабарлаған. Кабинеттегі ресми әңгімеден кейін басшы үміткерді сыртқа шығарып жіберіп, директорға берілген ақшаның аздығын айтады. Директордың сотта берген жауабына қарағанда, осыдан кейін ол үміткермен бірге құзырлы органдарға арызданған. Алайда үкімдегі мән-жайларға қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің қызметкерлерінің жасырын тергеу әркеттерін оған дейін де жүргізіп отырғаны байқалады. Мәселен, Исабек пен Абдуллаеваның кабинетте бұған дейінгі өзара сөйлескен әңгімелері, Исабектің ұялы телефон арқылы айтқан сөздері жазылып алынып, іске дәлел ретінде тігілген.
Үкімге қарағанда сотталушы Исабек тергеу барысында пара талап еткенін толығымен мойындап, жасаған әрекетіне шын өкінетінін көрсеткен. Алайда сот барысында оның берген жауаптарынан айнып қалғаны байқалады. Сотта сотталушылардың екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.
Сот Н.Исабек пен Д.Абдуллаеваның әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.