Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап кетті
Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келіп, әлеуметтік маңызды нысандарды аралаумен қатар, кәсіпкерлік саласына айрықша назар аударды, деп хабарлайды Oinet.kz Мәжіліс аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өйткені, карантин кезіндегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі өзекті сұрақтардың бірі.
Осы орайда өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау шаралары нығайту мақсатында депутат түйіткілді мәселелерді талқылады.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен карантинде зардап шеккен шағын бизнес иелері арасында сауалнама жүргізілуде. Оның қазіргі нәтижесі бойынша кәсіпкерлер несиелерді шегеру, салық міндеттемелерін төлеу, өндіріс ауқымын азайту, шикізат құнының өсуі, 42500 әлеуметтік төлем алу, коммуналдық және ғимараттарды жалға алу төлемдері сынды бірқатар мәселелер анықталды.
Депутатқа бизнес саласының 37 түрі бойынша 1200 орта және шағын бизнес нысандары жұмысын тоқтатқаны туралы айтылды. Соның салдарынан 2 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды. Облыста орта есеппен өндіріс көлемі 18% кеміді.
Карантин салдарынан азық-түлік емес нысандар: 40 сауда орталығы мен 32 базар, қоғамдық тамақтанумен айналысатын 380 мейрамхана мен дәмхана, 45 көлік компаниясы, 24 сұлулық салоны, 39 монша мен сауналардың жұмыстары тоқтады.
Одан әрі халық қалаулысы бірқатар кәсіпорындар жұмыстарымен танысып, Ақтаудағы бірқатар дәріханаларды аралады.