Қазақстанда тағы бір облыста карантин күшейтілді
Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, аймақта карантин шаралары күшейтіліп отыр, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қатаң шектеу шаралары бүгіннен бастап енгізілді және 3 тамызға дейін жалғасады. Қаулы бойынша облыста қалааралық автобус тасымалы, сондай-ақ, қала маңы мен қала ішіндегі қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылды. Алайда тұрғындар өз көлігімен жүре алады немесе такси қолдануға болды.
Бұдан бөлек, облыста конференция, форум, семинар, съезд, көрме, тренинг, оқыту курстары және тағы басқа көпшілік шаралары өткізуге тыйым салынды. Отбасылық жиындарды да өткізуге болмайды. Ондай шараларға далада да, үйде де өткізуге тыйым салынған. 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуына шектеу қойылды.
Саябақтар, алаңдар мен жағалауларда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Ойын-сауық нысандары толығымен жабылды. Ал қоғамдық тамақтану орындары сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істей алады. Тапсырыс жеткізу қызметі ғана қарастырылған. Жаңа қаулыға сәйкес, адамдарды далада жайғастыруға да тыйым салынып отыр. Облыста SPA-орталықтар, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, сауықтыру орталықтар, бассейндер, жағажайлар, аквапарктер, қоғамдық моншалар, сауналар, сұлулық салондары, шаштараздар, маникюра мен педикюр жасайтын орындар, массаж кабинеттері жұмыс істемейді.
Аймақ тұрғындары қоғамдық орындарда бетперде тағып, арақашықтықты сақтап жүруі тиіс. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Маңғыстау облысында 2 294 адам коронавирус жұқтырған.