Елордада ер адам бұрынғы әйелін 8 рет пышақтаған (фото)
Аталған іске байланысты "НеМолчи" қорының негізін қалаушы Дина Смаилова әлеуметтік желіде жазды.
Ауруханада түсірілген қорқынышты суреттер әлеуметтік желіде жарияланды.
"НеМолчи" қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың айтуынша, ер адам бұрынғы әйелінің жұмысына келіп, далаға шығуын талап еткен.
"Қызметкерлердің алдында өзін жайсыз сезінген әйел далаға шыққан. Осы сәтте оны бұрынғы күйеуі көлікке күшпен отырғызып алып кеткен. Қарағанды тасжолына бара жатқан жолда ол бұрынғы әйелін ұра бастаған. Әйелі қарсылық көрсетіп, көліктің терезесін сындырмақ болған. Күйеуі көлігін тоқтатып, бұрынғы әйелін 8 рет пышақтаған. Ол басқа көліктер тоқтап жатқанын көріп, оны далала қалдырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Мұны көрген басқа жүргізушілер полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған", - деп жазды Смаилова Facebook желісінде.
Ол желіде пышақталған әйелдің суреттерін жариялаған. Қоғам белсендісі зардап шегуші полицияға түсінік беріп жатқанын атап өтті.
"Олар қызға қысым көрсетіп жатыр. Тергеушілердің бірі қызды күйеуінің көзіне шөп салды деп айыптаған. (...) Қыздың жолы болды! Бұрынғы күйеуі оны өлтірмепті. Сонымен қатар, бұрынғы күйеуі қыздың тәтесіне оның жанынан басқа адам көрсе, жиенін өлтіретінін айтқан.
Бұл отбасында ажырасу туралы іс қаңтарда басталған. Күйеуі бұрынғы әйелін үнемі ұрып-соққан. Олар 9 маусымда ажырасқан. Сізден тиісті шара қолдануларыңызды сұраймыз. Біз бұл істі қылмыстық кодекстің 125-бабы ("Адам ұрлау") бойынша қаралуын талап етеміз. Сонымен қатар, тергеуші Әлихан Оспановқа қатысты шара қолдануларыңызды сұраймыз", - деп жазды Дина.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Біз мақалада жазылған бұл оқиға туралы білеміз. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 24 бабы 3 бөлігі, 99 бабы 1 бөлімі - "Адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу әрекеттері жәбірленушінің қатысуымен жүргізіледі. Күдікті ер адам ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128 бабына сәйкес қамауға алынды. Қызметкерлердің кәсіби емес әрекет етуіне байланысты уәждерге сүйене отырып, тексеру тағайындалады. Мен бұл тергеуді бақылауға алдым", - деді басшы.