Еліміздің бір қаласында блок-бекеттер қайта қойылатын болды
Алматы облысы Текелі қаласына блок-бекеттер түнде қайта қойылды. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеген жергілікті дәрігерлердің оқшаулау орнына емес, өз үйлеріне барып тыныққаны бұған себеп болған деп хабарлайды Хабар 24 арнасына сілтеме жасаған Oinet.kz сайты
Телеарна мәліметінше, бұдан бөлек, 140 адам жатқан провизорлық орталықты тексеру кезінде бірқатар олқылық анықталған. Осыған байланысты кеше түнде қалаға блок-бекеттер қойылды. Енді 10 күн бойы кенді шаһар аумағына кіріп-шығатын азаматтардың барлығы тіркелген мекенжайы бойынша тексерілмек. Жолаушылар мен жүргізушілердің дене қызуы өлшенеді. Санитарлық талаптардың қайта күшейтілуі індеттің өзге аудан қалаларға таралмауы мақсатында жасалып отыр. Қауіпсіздік шараларымен қатар өңірде қосымша дәрі-дәрмек қорын алып, ауруханаларға тарату жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан қомақты қаражат қарастырылған.
"Ауруханалар мен емханаларды дәрі дәрмекпен қамту үшін облыс әкмінің шешімімен жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Оған вирусқа қарсы антибиотиктарды алатын боламыз", - деді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.