Белгілі ақын астанадағы отшашуды өткір сынға алды
Қазақстандық ақын 6 маусым елорда күніне орай атылған отшашуларға байланысты наразылығын өлең жолдары арқылы жеткізді, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі.
Танымал журналист Есей Жеңісұлы былай деп жазады:
Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...
Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді.
Кімнің қалай болады айып ісі,
Жарға барып тірелді қайық ұшы.
Дәріханаң бар болғыр аспиринді
Қымбат сатып, келеді байығысы.
Танылғымыз бар еді атырапқа,
Матаға да зар болдық, жапыраққа.
Жедел жәрдем - үнемі шабан жәрдем,
Қайыр күткен жұрт түгел ақымақ па?
Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,
Көксау халқы күтеді ағаш атты.
"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін
Сөзді бекер күттім-ау парасатты.
Әлде халқың аурумен аз алысқан,
Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.
Көр үстінде көп шайтан билегендей,
Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан...