Жандарбек Бұлғақов қазіргі айтыс туралы бар шындықты айтты

Oinet.kz 06-07-2020 1569

"Алтын домбыра" ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы, "Дарын" жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов қазіргі айтыстың жағдайы, қазылар алқасы туралы ойын ашық айтты, деп хабарлайды Oinet.kz   Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

image.png

- "Айтыс – шоу. Қазіргі айтыстың проблемасы – бірдей ақындардың көптігі. Бір айтыскердің екіншісінен ерекшелігі жоқ. Сол себепті айтыс қызық емес", - деп бастады сөзін Жандарбек Бұлғақов. 

Оның сөзінше, айтыста төрелік ететін қазылар алқасы да қазақ сөзінің қадірін жете түсіне бермейді.  

- "Айтыста біз көп жағдайда қазыларға, ұйымдастыруға ренжиміз. Бұрын қазылар алқасында айтқан сөзінде тұра алатын, көтерген ұпайына жауап бере алатын, қазақ сөзінің қадірін білетін адамдар отыратын. Қазіргі кезде қазылардың арасында айтыстан кейін болатын банкет пен төрелік еткені үшін төленетін гонорарды күтетіндер өте көп", - дейді ақын. 

- "Барлық айтыс әділ өтпейді және барлық айтыс әділетсіз өтеді деп айтуға да болмайды. Рушылдық, жершілдік, сахна сыртындағы әр түрлі айла-шарғы айтыста да болып жатады. Әр "алтын домбыраның" ережесі де, қазылардың талабы да әртүрлі. Қазіргі айтыстың қатаң тәртібі, жүйесі жоқ", - дейді ол. 

Айтыскер домбыра пәнін мектеп бағдарламасына қосуды қолдайды, айтуынша, бұл ұлттық құндылықты дәріптеу үшін қажет. 

- "Тек домбыра емес, қазақ күресін, тоғызқұмалақты де қосуға болады. Спорт және өнермен қатар балаларды түздің жұмысына бейімдейтін үйірмелер болса деймін. Қыздарды үйдің жұмысына, ана болуға бейімдейтін үйірме қажет. Ас үйдің жұмысына икемді, оймақ пен инені келістіріп ұстай алатын қыздарды қалыптастырып шығаратын үйірме қажет", - дейді Бұлғақов. Оның пікірінше, мектеп пен жоғарғы оқу қабырғасындағы жаттанды дүниелер өмірде қолданылмайды. Тіпті мектеп бітірген соң естен шығып кетеді. "Көп адамның қолында көк пен қызыл аралас бірнеше диплом бар. Алайда ол білімнің барлығы өмір сүруге бейімдемейді. Қызыл дипломы бар, бірақ ибалы келін бола алмай жатқандар көп. Қызыл дипломы бар, бірақ қонақ күте алмайтын, сараңдығы басым қыз бен сертке берік емес ер азамат көп. Сондықтан мейлінше адамды, баланы өмірге бейімдеу керек", - дейді айтыскер. 

«Короновирустан өліп, қайта тірілген адамды көрсет» демесеңіздер болды» - белгілі айтыскер ашулы
Министр Назарбаевтың суреті бар футболка киіп, мерекемен құттықтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу