Коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандардың тамағы қызарып, мұрны бітеледі
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева коронвирустың жеңіл түрін сипаттап берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасаған Oinet.kz сайты
"Коронавирустың жеңіл түрімен ауыратындар тыныс алудан қиналмайды. Дене қызуы қалыпты немесе 38 градустан төмен. Сосын кабыну белгілері болады. Мысалы, тамағы қызарып кетеді, я болмаса, жыбырлап тұрады. Мұрны бітеледі, аздап жөтел пайда болады. Пульс минутына 60-80 рет соғады", - деді Ақтаева онлайн брифингте.
Оның айтуынша, коронавирустың жеңіл түрімен ауыратындар және симптомсыз науқастар тест оң нәтиже көрсетсе де, ауруханаға жатқызылмайды. Оларды емхана дәрігері қашықтан бақылап отырады.
"Ал пациенттің басы ауырып, әлсіреп, денесі сырқырап, қызуы 38 градустан асса, демікпе секілді интоксикация белгілері білінсе, коронавирустың ауыр түрі басталды деген сөз. Ондай науқастар стационарда емделуі керек", - деп түсіндірді Ақтаева.